Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қостанай облысында 95 елді-мекенді су басу қаупі бар

AstanaTV
19.01.2021ж. 20:00
2130
Қостанай облысында 95 елді-мекенді су басу қаупі бар

Қостанай облысында 95 елді-мекенді су басу қаупі бар. Аймақтағы төтенше жағдайлар департаменті, 22 бөгет жөндеуді қажет ететінін айтады. Солтүстікте де судан қауіптеніп отыр. Оңтүстіктегі Жамбыл өңірі де тасқынға дайындықты бастап кеткен. Өңірлердің көктемге дайындығын анықтап көрдік. Толығырақ келесі бейнематериалда.

Тобыл өңіріне биыл да судан қауіп бар. Төтенше жағдай мамандарының дерегінше аймақтағы 22 бөгет жөндеуді қажет етеді. Бірақ жергілікті атқамінерлер көктемгі тасқыннын алдын алуға қаражат әлі бөлмеген. Мамандар қазір қардың қалыңдығын өлшеумен ғана шектеліп отыр.   
   
Едрес ТӘКЕНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
 
Қарасу, Әулиекөл, Меңдіқара аудандарында қазір жүр. Өлшеген кезде қардың қалыңдығы 14-16 сантиметр. Нормасы -16 сантиметр. Наурыз айында мұз жару жұмыстары жүргізіледі.

Қызылжарда да биыл 79 ауыл, қауіпті аймаққа еніп тұр. Қостанайға қарағанда, мұндағы атқамінерлер көктемгі тасқынның алдын алуға 125 миллион теңге бөлген. Айта кетейік, соңғы үш жылда 5 су қоймасын күрделі жөндеуден өткізген. Сол сияқты Жамбыл облысы да көктемдегі су тасқынынына дайындалып жатыр. Аймақтағы 72 елді-мекенге, 14 су қоймасынан қауіп бар. Облыс әкімдігі биыл төтенше жағдайларға 363 млн, ал шұғыл шығындарға 489 млн теңге бөліпті.

Ермек МОМБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Облыстағы елдімекендерді су тасқынынан және еріген сулардан қорғау үшін 26 учаскеде жағалауды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Нақтылай кететін болсақ 25- де жұмыс толықтай аяқталып 1-де жұмыс 1-2 күнде аяқталатын болады.

Айта кетейін, бір апта бұрын Қаратау жотасындағы қалың қар еріп, майтөбеліктерді әбігерге салған еді. Абырой болғанда мал-жан аман. Қар суы қора-қопсы мен аулаларға ғана кірді. Күні кеше ғана "ҚазСуШар" мекемесі, ел аумағындағы жағдай бақылауда деп есеп берді. Олардың пайымынша тасқын оңтүстік өңірлерде ақпанның аяғы, солтүстікте наурызда басталады. Күзден бері судың деңгейін зерттеп отырғандарын жеткізді.   

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Апат айтып келмейді. Оған қашан да дайын болу керек. Қар қалың жауса да, тіптен жаумаса да тілсіз жаудан қауіп төнуі бек мүмкін. Алдын-алу жұмыстары жалғасуда. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

Ғ.Өтемісов