Тобыл өңірінде мал ұрлығы тиылмай тұр. Ұрылар өрістегі жылқыны, қорадағы сиырды қояр емес. Жуырда барымташылардың қылмыстық тобы қолға түсті. Олар 46 жастағы әйелдің нұсқауымен, мал ұрлап ұртын майлап келген. Күдіктілердің айыбы дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ауыл тұрғындарын зар қақсатқан баукеспелер жайлы Заңғар Санай баяндайды.
Әккі ұрылар әзірге Әулиекөл ауданына қарасты ауыл тұрғындары мен жеке шаруашылықтың малын барымтаға салғаны әшкерленіп отыр. Топ бір жыл ішінде бірнеше рет ұртын майлаған көрінеді. Күдіктілер күндіз көлікпен барлау жасап, кешқұрым түлікті ауыл сыртына шығарып сойған. Олар соңғы жорықта 8 жылқы мен 4 ірі қараны олжалапты.
Төленді ЕРДЕСІНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:
Қорада тұрған малды түнде келіп 23-ші желтоқсанда 2020 жылы екі жылқыны ұстап алады. Ол жерде 5 жылқы тұрған. Сол қорадан шығарып мініп алып кетіп қалған. Машинаны ауылдың шетіне қойып қойыпты. Ең бірінші учасковыйға хабарластым.
Ұсталған ұрылардан шаруаның екі биесі табылған. Оған қоса жазда жоғалып кеткен құлыны да қайтарылды. Күдіктінің төртеуі Әулиекөл ауданының тұрғыны. Ал қылмыстық топты басқарған әйел Новонежин ауылынан боп шықты.
Кенже ҚОНЫСБАЙ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Қылмыстық Кодексінің 188-1 бабының 3 бөлігіне сәйкес тергеу амалдары басталды. Тергеу амалдары барысында күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар жоқтығы анықталады. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденген жағдайда олар 5 немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.
Былтыр 172 ұрланған мал, иесіне қайтарылған. Ал нақты неше адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгісіз. Бір анығы мал ұрлығын ашу фактілері тым мардымсыз.
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
Департамент дерегіне жүгінсек өткен жылы өңірде 189 мал ұрлығы тіркелген. Сол фактінің 55-і ғана ашылған көрінеді. Көп жағдайда тұрғындар әуелі түлігін өздері іздейді.Таппаған соң тәртіп сақшыларына хабарлайды. Соның салдарынан барымташылардың ізіне түсу қиынға соғады, дейді полицейлер.
З. Санай