Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Анасы өлімші етіп сабаған үш жастағы қыз әлі есін жимады

Анасы өлімші етіп сабаған үш жастағы қыз әлі есін жимады

Петропавлда анасы өлімші етіп сабаған 3 жастағы балғын әлі есін жиған жоқ. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Қорғаншылық органдары қатігез ананы құқығынан айыруға бекінген. Өйткені ол науқас баласын бұдан бұрын да соққыған шыққан көрінеді. Мұны көршілері айтып берді.  

Бұл келеңсіздік қаңтардың 17-і күні болған. 22 жастағы жас ана туған қызын есінен танғанша ұрып-соққан. Артынша жедел-жәрдем шақыртыпты. Осы оқиғадан соң, құзырлылар отбасын тексеруге көшті. Қорғаншылық органдарының мәліметінше бала туғаннан бейнет көріп келеді. Ол туғаннан сал ауруымен ауыратыны да белгілі болды. Анасы асырай алмаған соң, нәрестесін балалар үйіне уақытша тапсырған. Араға жарты жыл салып, баланы алып, бөлек тұратын әкесіне әкеп берген. Сәбиін емдеп, үш жыл бойы күтімін жасаған әкесі тура бір ай бұрын анасына қайтарыпты.

Мафруза НАУАНОВА, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ТӘРБИЕ, ҚАМҚОРШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОРҒАНШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:


Шешесі әкесіне баланы ерікті түрде берді. Бұл жерде қорғаншылық органдарының қатысуы міндет емес. Әкесінің әлеуметтік жағдайы жақсы. Сондықтан біз оларды тексерген жоқпыз. Кейін ол бізге ескертпестен баланы қайтып шешесіне берді.  Айта кету керек, анасы психиатриялық диспансерде тіркеуде тұрмаған.

Қыз баланың анасы мен өгей әкесі осы жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұрған. Көрші-қолаң шағын отбасының пәтерінен айғай-шуды естімегендерін айтады. Дегенмен, отағасы сәбидің көгерген жерлерін емдеу үшін дәріханадан дәрі-дәрмек айтты.  

Инна КОБРИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Олар бұл жерге жуырда көшіп келді. Мен жақын маңайдағы дәріханада жұмыс істеймін. Қыздың өгей әкесі дәріханаға келіп, сәбидің құлап аузын жаралап алғанын айтты. Кейін көгерген жерін емдейтін мазь сұрады. Жалпы бұл отбасыны жаман деп айта алмаймын. Көршілердің мазасын алғанын байқаған жоқпыз.


Жедел жәрдем келген кезде үйде тек анасы болған. Ал өгей әкесі жұмыста болғандықтан, күдікке ілінбепті. Полицейлер тасжүрек ананы қамауға алып, тергеу жұмыстарын бастап кетті.

Азат ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


ҚР Қылмыстық кодексі 106 бабы 2 бөлігі «кәмелеттік жасқа толмаған адамға қасақана зиян келтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіледі. Күдікті бұрын құқық қорғау органдарының назарына ілікпегені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті Петропавлдың уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Бір аптадан бері аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан үш жастағы Саша әлі есін жиған жоқ. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Егер баланың хәлі оңалмаса, анасы 12 жылға дейін түрмеге қамауы мүмкін. Айта кету керек, қазір қорғаншылық органдары жас ананы ата-ана құқығынан айыруға бекініп отыр.

А. Құрманкин