$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Көпбалалы аналар жаңа үйлердің сапасына шағымданды

AstanaTV
26.01.2021ж. 20:00
2897
Көпбалалы аналар жаңа үйлердің сапасына шағымданды

Павлодар облысында көпбалалы отбасыларға арнап жаңадан салынған үйлер сыр берді. Пайдаға берілгеніне жыл толмай жатып, жаңа баспаналардың қабырғалары көгеріп, едені сыз тартқан. Орталыққа қосылған жылу да мардымсыз деп шағымданды. Құрылыстың сапасыз екенін айтып барғанмен, өңірде оған құлақ асар шенді табылмапты. Амалы таусылған тұрғындар арнамыздан араша сұрап, хабарласты. Аймақтағы әріптесім олардың жан-айқайын жеткізеді.  

Мария Бейсенбина – 5 баланың анасы. 6 жылдан аса уақыт баспана кезегінде тұрып, 2019 жылы 3 бөлмелі үй алыпты. Бірақ, көпбалалы ананың қуанышы ұзаққа бармаған. Қыс түсісімен үйі дым тартып, қабырғасы көгере бастапты. Оның үстіне жалытуда оңай болмаған. Сондықтан 3 бөлмелі пәтердің 1 бөлмесін жауып тастаған. Өйткені, көгерген иіс пен азынаған суықтан ол бөлмеде отыру мүмкін емес -  деді.

Мария БЕЙСЕНБИНА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Басында үйіміз жай ғана дымқыл боп тұрды. Кейін күшейе бастады. Қабырғалары көгеріп, суланып кетті. Үй мүлдем сапасыз салынған. Есік, терезеден жел соғады. Ал еден деген мұздай. Аяқ салсаң, қатып қалады.  


Балаларының денсаулығына алаңдаған ана мәселесін арқалап, бармаған жері қалмағанын айтады. Алайда, әзірге ешқайсысынан нәтиже шықпаған. Бұл тек бір ғана үйдегі емес, шағын ауданда орналасқан 28 үйге ортақ мәселе болып шықты. Жаңадан салынған бұл аудандағы жер үйлерге жергілікті билік пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларды қоныстандырған екен.

Алтынай БЕКАЙЫСПАЕВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ызғар өтіп тұрады полдан. Сосын балалардың аяғынан өтеді. Сосын ауырады. И жоғарыдан сырость болғаннан адамға ару нетеді ғой. И терезелердің барлығын су ағып, мұз қатады.


Тұрғындар сапасыз құрылыстың кесірінен коммуналдық ақыға да көп шығындаламыз деп отыр. Өйткені, суланған қабырғаны кептіреміз деп күні-түні қосымша жылытқыштарды пайдаланады екен. Оған қоса,  ай сайын 14-15 мың теңге аралығында жалдау құнын да төлеуге міндеттелген.  

Гүлсім ИСЕНОВА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Анау стячка потолок ғой бізде соны бәрін істегенде ананың іші су прямо. Үстінде бәрінде су. Ана қабырғаға ағылатын шығар. Жан-жағы бәрі су су боп кетеді. Пушка қосып сонымен отырмыз. Айын бәленбай мың төлеп.


Әкімдік өкілдері  бар кінә мердігерде -деп ақталды. Қазір үйлердегі олқылықтарды жөндеуге құрылысқа жауаптыларды шақыртып жатқандарын айтып ақталды.

Рахат БЕКБЕРГЕНОВ, АҚСУ ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:


2019 жылы тапсырды 1 жыл гарантия мерзімі бар осы  жылдың аяғына дейін. Шағым бойынша көрінген бейне, фото материалдарды байқасақ, ол осы жақында ғана пайда болған зат емес. Өткен жылдың аяғында болған.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Ал мердігер болса, бізбен тілдесуге құлықсыз секілді. Әкімдік өкілдеріне біздің телефон номерімізді бермеңдер - деп ескерткен көрінеді. Атқамінерлер мердігерлер құрылыстағы олқылықтарды қалпына келтірмесе, сотқа береміз - деп отыр. Сондықтан, бұл мәселенің нақты қашан шешілетіні әзірге белгісіз.

Ө.Қуанар