Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қызылорда облысы тұрғындарды үймен қамтамасыз етуде кенже қалып отыр

AstanaTV
26.01.2021ж. 20:00
2644
Қызылорда облысы тұрғындарды үймен қамтамасыз етуде кенже қалып отыр

Қызылордаданың қақ ортасында отырған үйлердің тұрғындары жандарын шүберекке түйіп отыр. Себебі салынғанына алпыс жылға жуықтаған баспаналардың қабырғасы қақырап, іргесі күн өткен сайын шөгіп барады. Ол аз болғандай, жауын жауса төбеден су сорғалайтынын айтып, тұруға еш жағдай жоқ деп кейіді. Аймақта құрылыс салу көрсеткіші төмендеп кеткен. Мұны мемлекет басшысы да аңғарыпты. Ол бүгін өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтың жайын сынға алды.

Бұл үйлер сонау 1960-шы жылдары салынған. Шатыры жоқ, төбе жабындысы шіріген. Қағырғалары да сыр берген. Тозығы жеткен үй тұрғындарының шамасы жеткені көгілдір отынды кіргізіп алған. Көпшілігі пәтер ішінде әлі күнге от жағып отыр. Ал кәріз жүйесі мүлде қарастырылмаған. Мұндағылардың әр күні үрейге толы.

Гүлбаршын МЫРЗАХМЕТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Суды сыртқа төгеміз, әжетханамыз болса да сыртта. Осыдан 5-6 ай болды, ұйықтап жатсақ бетондары шіріп аяқ жағымызға қарай түсті. Бала-шағамызбен бәріміз шошып ояндық. Басымызға түскенде не болатын еді.

Тұрғындардың айтуынша, бұл ғимарат әу-баста түзеу мекемесі болған екен. Кейін адамдарға баспана есебінде берілген. Мұнда қазір 20-дан аса отбасы тұрады. Алды 40 жылдан бері тұрып жатыр. Күн өткен сайын тозығы жеткенімен, әлі күнге апатты деп танылмаған. Құжат жүзінде растату үшін, тәуелсіз сарапшы шақыртуы керек. Ал оны шақыртып құжат рәсімдеуге мұндағылар қалта көтермейтінін айтты.

Манат СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
88 жылы көшіп келген кезде су ағатын. Сол су әлі ағады. Әркім өзі шығып, жамай береді, жамай береді өзінің үйінің тұсын. Оның қалыңдығы қазір 1 метрге жетті. Мен кейде қорқамын, төбе түсіп кететін шығар. Өйткені арматураларының бәрі шіріген ғой. Апатты деп тану үшін 200 мыңдай ақша керек. Қосыла алмайтын отбасылар бар. Сол жағы да бізге қиын болып отыр.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақта құрылыс қарқыны бәсеңдеп кеткен. Оның ішінде үймен қамтамасыз ету бойынша да ел аумағындағы кенже қалған аймақ болып отыр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев, облыс әкімінен есеп сұрады.  

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Гүлшара Наушақызы, халықты баспанамен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Статистикаға қарасақ, былтыр Қызылорда облысында құрылыс қарқыны 27 пайызға төмендеген. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20 пайызға азайған. Бұл мемлекет бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жағдайды түзеу үшін не істеп жатырсыздар?

Осылай төтесінен қойылған сұраққа Гүлшара Әбдіқалықова, Сырдағы құрылыстың қарқын алуына пандемия тұсау болып тұр деп ақталды. Ал, несиеге берілетін үйлерге халықтан сұраныс төмен көрінеді.

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Кезекте тұрған 30 270 адам бар. Оның ішінде «Отбасы банкі» салымшыларының өзі ғана – 8 мың адам. Оның тек 600-і ғана бірінші жарнаны төлей алатынын дәлелдеп отыр. Проблемалар бар. Бірақ біз биыл алдымызға жоспар қойдық: 644,7 мың шаршы метр үй беріледі.

Несиелік үйлерге сұраныстың азаюына да себеп жоқ емес. Аймақ экономикасының негізі болып отырған мұнай қоры таусылып, өндіру көлемі азайып барады. Бұл да халықтың әлеуметтік жағдайына салқынын тигізіп отырғаны анық. Мемлекет басшысы осылай дей келе, Қызылорда облысына қолдау көрсетуді Үкіметке тапсырды.

М. Тоқтасынқызы