Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылорда облысында өрт оқиғасы 59 пайызға артқан

AstanaTV
27.01.2021ж. 20:00
2292
Қызылорда облысында өрт оқиғасы 59 пайызға артқан

Қызылорда облысында тас жолдағы жатақхана типтес контейнердегі өрттен күйіп қалғандардың жағдайы ауыр.

Дәрігерлер олардың әлі жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. Ал, төтенше жағдай мамандары жыл басталмай жатып өрт 59 пайызға артқанын айтып дабыл қақты. Мамандар келеңсіздікке көбіне адамдардың жауапсыздығы себеп болады деп отыр.  

Бұл - «Қызылорда-Құмкөл» тас жолында орналасқан бақылау пункіті. Мұнда кен орнына кіретін көліктер бақыланады. Кеше тапа-тал түсте бір-біріне жапсарлас контейнерлер қас-қағым сәтте өртке оранған. Сол сәтте іште болған үш адам шығып та үлгермепті. 72 шаршы метр аумақты шарпыған жалынның неден тұтанғаны әзірге белгісіз.
 
Нұрсұлтан ИБРАГИМОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ТЖД «ӨСЖАҚЖҚ» ММ БАСТЫҒЫ:

Өрт зертханасы тағайындалып, қазіргі таңда шығу себептері анықталуда. 2 жылдың көлемінде өндіріс орындарында үш оқиға тіркелді. Оның өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы, электр қондырғыларды бақылаусыз, қадағалаусыз қалдыру салдарынан орын алып отыр.


Күйік шалғандар елу мен отыз жас шамасындағы үш азамат. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер науқастардың жағдайлары тұрақты болғанымен ауыр деп бағалады.  

Алмас ӘБІЛПАТТА, ОБЛЫСТЫҚ КӨП БЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


30, 70, 90 пайыздық күйік жарақаттарын алған. Қазіргі таңда үш науқастың жағдайы ауыр күйде қалуда. Реанимация бөлімінде интенсивті толық емдерін қабылдауда. Реаниматолог, травматологтар шокқа қарсы ем жүргізуде.

Төтеншеліктер жыл басталмай аймақта өрт оқиғасының өршіп тұрғанына алаңдаулы. Былтыр бір айда 18 жағдай тіркелсе биыл қаңтар аяқталмай көрсеткіш 59 пайызға артқан. Тілсіз жаудан 5 адам жарақат алып, үш адам көз жұмған.

М. Тоқтасынқызы