Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Мьянмада әскерилер билікті басып алды

AstanaTV
01.02.2021ж. 20:00
2320
Мьянмада әскерилер билікті басып алды

Мьянмада бір түнде әскерилер төңкеріс жасап, билікті басып алды. Олар ел аумағында бір жылға төтенше жағдай жарияланды. Әскерилер ел Президентін және биліктегі Демократияшылдардың ұлттық лигасы партиясының бірнеше белді мүшесін қамауға алды. Елде ұялы байланыс пен интернет жұмысы шектелді. Ал АҚШ, Еуропа Одағы болса, Мьянма әскерилерінің әрекетін сынап, қамалғандарды босатуды талап етіп отыр. Жалпы әскерилердің көтерілуіне не түрткі болды, қарпайым халықтың жәй-күйі қалай? Келесі бейнематериалда.

Қазір Мьянмада интернеттен бөлек телеарналардың да жұмысы шектелген. Тек әскерилер өздеріне тиесілі арнадан хабар таратады. Көшеде хаус. Банк және өзге де қаржы институттары жұмысын тоқтатқан. Қару ұстаған әскерилер мен азық-түлік сатып алуға асыққан халықты ғана көшеден көре аласыз.  

Бүгін 1-ші ақпан күні парламенттік сайлауда жеңіске жеткен Демократияшылдардың ұлттық лигасы партиясы жұмысын бастауы тиіс еді. Қараша айында өткен сайлау қорытындысына сәйкес бұл партия 83 пайыз дауыс жинаған. Бірақ әскерилер сол кезде нәтижемен келіспейтінін және тиісті шара қолданатынын хабарлаған. Осылайша бір түнде әскери төңкеріс жасап, билікті өз қолына алды. Ел лидері Аун Сан Су Чжи, президент қамалды.

Мелисса КРАУЧ,  САЯСАТТАНУШЫ, ЖАҢА ОҢТҮСТІК УЭЛЬС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:


Сайлау аяқталғалы әскерилер сайлау процесі әділ өтпегенін, бұрмалау фактілері болғанын айтып келеді, бірақ ешқандай дәлелсіз. Осы аптада жаңа парламент жұмысын бастауы тиіс еді. Ал қазір көріп отырғанымыз мынау. Төңкеріс болып көрінгенімен, әскерилер заңды төтенше жағдай енгізілгенін айтады.  

БҰҰ - Мьянмада болып жатқан жағдайды сынап, барлық ұсталған шенеуніктерді босатуға шақырды. Ал әскерилер оларды сайлау кезінде алаяқтық жасады деп айыптайды және жіберуге ниетті емес секілді.

Том ЭНДРЮС, БҰҰ МЬЯНМА БОЙЫНША АРНАЙЫ БАЯНДАМАШЫСЫ:


Не болып жатқанын нақты айту қиын. Көптеген адам қамауға алынғанын білеміз, бірақ саны, қайда екендері белгісіз. Мендегі ақпарат бойынша қамау сағат таңғы 4-те басталды. Сол елдегі адамдармен байланыс орнатуға тырыстым, бірақ байланыс нашар, елде интернет дұрыс жұмыс істемей тұр.

Халықаралық қоғамдастық бұл жағдайға қатысты шетте қалмады. Атап айтсақ АҚШ, Қытай, Малайзия елдегі қайшылықтарды дереу шешіп, тұрақтылық орнатуға шақырды. Аустралия СІМ ұсталған жоғары лауазымды шенеуніктерді босатуды талап етті. Ал билікті қолға алған әскерилер уақытша президент тағайындап, бір жылдан кейін «әділ» сайлау өтеді деп мәлімдеді.

Ә. Өмірзақ