Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

БҚО индустриялық аймақ құру жұмыстары басталды - «Nur Оtan»

AstanaTV
03.02.2021ж. 20:00
1426
БҚО индустриялық аймақ құру жұмыстары басталды - «Nur Оtan»

Батыс Қазақстан облысында алдағы бес жылда 58 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жаңа кәсіпорындар үшін білікті маман дайындап, өндірісті заман ағымына лайықтау қажет. Өңірді толғандырған өзекті мәселе «Nur Оtan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан. Партияның аймақтағы филиалы үгіт-насихат кезінде берілген уәденің орындалуына ат салыспақ.  

Орал қаласындағы №39 орта мектептің оқушылары еңбек нарығындағы сұраныспен 9-шы сыныптан бастап танысады. Болашақта қандай кәсіпті меңгерерін мектеп партасында отырып айқындайды. Тіпті оқушыларға арналып, өңірдегі кәсіпорындарға танымдық экскурсиялар да ұйымдастырылуда.

Гүлімжан МАХМҰДОВА, ОРАЛ қ. №39 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Кәсіптік бағдар беру бұл қосымша жұмыс ретінде жүргізіледі. Бұл пән емес, қосымша жұмыс. Бұл - тәрбие жұмысының бір бағыты. Тәрбие жұмысы бізде сегіз бағыт бойынша жүрсе, кәсіптік бағдар беру соның бір бағыты болып табылады, соны арнайы бір бағыты.

Ұстаздары шәкірттерінің жаңа пәнге қызығушылығы жоғары екендігін айтады. Бұл бастама өз нәтижесін беріп, оқуға түскен түлектердің саны да көбейген. Ендігі міндет – жас маманды жұмыспен қамту. Білім мен бизнес арасында тығыз байланыс орнатқан «Nur Оtan» партиясы осыны да ескеріпті.

Дина ГАЛИМЕТДИНОВА, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Теректі ауданындағы жалпы аумағы 281 гектар жерде индустриялық аймақ құрылады. Мұнда қуатты жаңа өндіріс орнын ашуға қажетті жағдай жасалып, Орал қаласындағы 10 кәсіпорынға заман талабына сай модернизация жүргізіледі. Осылайша 5 мың адамды жұмыспен қамтитын 177 инвестициялық жоба іске асырылмақ.

Аймақтың экономикасын әлеуетті һәм тұрақты қылу партияның сайлауалды бағдарламасында жан-жақты көрсетілген. Бүгінде бұл уәде жоспар күйінде қалмай, іске асырыла бастаған.

Мұрат МҰҚАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


Сайлауалды бағдарламада бекітілген жұмыстар өзінің жалғасын табатын болады. Әрі қарай ендігі кезекті біздің депутаттарымыз, «Nur Otan» партиясының мүшелері, әр деңгейдегі мәслихаттағы депутаттар осы жұмысты қолға алып, қадағалап, сайлауалды бағдарламаның нақты әр пунктін, әр тармағын қолға алатын боламыз.

«Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облысының 12 ауданы бойынша бекітілген 14 сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасы жасақталыпты. Мұның ішінде шалғай аудандарға жол салу, үш ауысымды және апатты мектептерді жою, тұрғын үймен қамту мәселелері де ескерілген.

Е. Карин