Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Бірқатар астаналықтар ПИК қызметтерінің жұмысына наразы

AstanaTV
12.09.2017ж. 20:00
3753
Бірқатар астаналықтар ПИК қызметтерінің жұмысына наразы

Елордадағы бес қабатты үй тұрғындары 4 жылдан бері үйдің төбесінен толассыз су тамшылайтынын айтып, арнамызға шағымын айта келді. Жалпы, Астанада пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына тұрғындар наразы. Жыл басталғалы олардың үстінен 9 мыңнан аса шағым түскен. Тұрғындардың арасында жиі кездесетін мәселе қалай шешілмек? Тілшіміз Диана Сапарқызы біліп қайтты.

Диана Сапарқызы, тілші:

Мына 5 қабатты тұрғын үй 1980 жылы салынған екен. 4 жыл бойы қар ерісе, жаңбыр жауса, төбесінен толассыз су аға бастайды. Тіпті мына электр торабына су тиіп кетсе, ертеңгі күні үй толығымен өртеніп кету қаупі бар дейді тұрғындар.

Гүлшат Жамалова, тұрғын:

Тұрып жатқанымызға бәленбай жыл болды. Бірақ тұрып жатқанымызға осындай су ағып, ешқандай не КСК, не акимат, ешқандай жақтан бізге көмек жоқ. Жазатын жерге бәріне жаздық.

Қорлан Сәбитханқызы, тұрғын:

Қыс болса, қарымыз еріп, ағады. Жаз болса, жауыны себеді. Үнемі осындай су болып тұрады. Және де екініші этажға дейін су барып жатыр. Екінші - вентиляция жоқ.

Төбеден су аққаны былай тұрсын, тұрғындар подъездегі жөндеу жұмыстары мен тазалықтың сақталмайтынына наразы. Ай сайын 2300 теңгені  ПИК-не төлеп отырсақ та,  талай жылдан бері санитарлық жұмыстар тиісті дәрежеде атқарылмай келе жатыр дейді.

Самат Жамалов, тұрғын:

Төбесіне шықсақ, екі қабат слой қара қағаздары жан-жақта шашылып жатыр. Төбесінің барлығы толған мусор. Кептерлер өліп жатыр. Мысықтар өліп жатыр.  Бізге тек КСК осының бәрін жөндеп берсе.

Тұрғындардың мәселесімен қызмет көрсетіп отырған пәтер иелері кооперативіне ат басын бұрған едік, алайда ол жерден кооперативтің басшысын таппадық.

Сарапшы мамандардың айтуынша, пәтер иелері кооперативінің жұмысы бойынша әкімдікке немесе прокуратураға шағым түсіру - бос әрекет. Себебі туындаған мәселе - тек тұрғындардың өзіне керек дүние. Тұрғын үй заңдылығы бойынша, қандай да бір орган оған жауапты емес, деп отыр.

Станислав Лопатин, заңгер-сарапшы:

Бізде Әкімшілік кодексте екі бап ғана бар. Айыппұлды қайта заң бұзған үшін салуға болады. Тұрғындар әкімдік арқылы пәтер иелері кооперативін лифтіні жасап бер деп мәжбүрлей алмайды. Оны өздері жасауы қажет. Ревизиялық комиссия арқылы, болмаса, сот арқылы жетекшілерді ауыстыра алады. Мәселе тұрғындардың өзіне қатысты, заңда солай жазылған.

Астана қалалық прокуратурасының мәліметінше, елордада 2401 көпқабатты тұрғын үй бар. Оларға 419 пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан кооператив иелерінің үстінен 9 мыңнан аса шағым түскен. Оның 50 пайызы жиналған қаржының қайда жұмсалғанын білу үшін, яғни қаржылық ашықтықты талап етушілерден түскен. 30 пайызы үйлердегі техникалық жағдайдың сын көтремейтініне наразы. Қалған 20 пайызы пәтер иелері кооперативі қызметкерлерінің әрекетсіздігіне шағымданған.

Бауыржан Төлегенов, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Келіп түскен шағымдарды тікелей тұрғын үй инспекциясына бағыттап отырамыз. Олар қарап, заңсыздықтар тауып жатса, шара қолданады. Біз  тұрғын уй заңмасына сай пәтер иелері кооперативтерінде заңсыздықтар болған жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тарту жайлы ұсыныстар жібереміз. Қазір осындай бірқатар ұсыныстар қаралып жатыр.

Заңгерлердің айтуынша, пәтер иелері кооперативі  шаруашылық қызмет және қаржылық есеп бойынша тұрғындарды үнемі хабардар етіп отыруы тиіс. Егер кооперативтің жұмысында заң бұзушылықтар анықталып жатса, мәселенің шешімін сотқа жүгіну арқылы ғана табуға болады.