Шымкентте жоғары лауазымды шенеунікке, Қазақстан азаматтығы қайтарылады. Қалалық «Дене шынықтыру және спорт» басқармасының басшысына мұндай мүмкіндік уақытша сот жұмыстары аяқталғанша беріліп отыр. Бұл туралы басы дауға қалған Олег Почиваловтың өзі, бүгін баспасөз жиынында мәлімдеді. Бұған дейін оны ел азаматтығынан айыру мәселесі көтерілгенін айтқанбыз. Еске салайық, өткен аптада полиция «Дене шынықтыру және спорт» басқармасының басшысы Ресей азаматы дегенді айтқан. Алайда шенеунік мұны теріске шығарған -тын. Шенеунік құқық қорғау органындағылардың бұл дерегін жалған, өзіне қарсы ұйымдастырылған әрекет деді.
Олег ПОЧИВАЛОВ, ШЫМКЕНТ қ. ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ақпарат құралдары мен ғаламторда тараған деректің бәрі жалған. Бұл бізге қарсы топтың, яғни қаланың игілігі мен азаматтарымыздың, спорттың дамуы үшін жұмыс істегісі келмейтіндердің әрекеті. Мен Қазақстан азаматы болғанмын және бола да беремін. Түсіндіңіздер ме?
Олег Почивалов полицейлердің үстінен прокуратураға шағымданған. Шенеуніктің адвокаты Ресей тарапы ұсынды делінген құжаттың бұрмаланғанына сенімді. Жазбаша мәліметте оның көрші елдің азаматтығын алғаны туралы айтылған деп көрсетілгенімен, құжаттарда сәйкестік жоқ деді заңды өкілі.
А. Төребекқызы