$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Атырауда автобекетті сенімгерлікке алған мекеме жерді заңсыз жалға беріп келген

AstanaTV
09.02.2021ж. 20:00
2424
Атырауда автобекетті сенімгерлікке алған мекеме жерді заңсыз жалға беріп келген

Атыраудағы автобекетті уақытша сенімгерлік басқаруға алған серіктестік, мемлекетке тиесілі жерді заңсыз жалға беріп келген. Бұл туралы кәсіпкерлер арасында туған, дау кезінде белгілі болды. Қалааралық такси қызметін жандандырып отырған жергілікті кәсіпкер, көліктерімді бекет аумағына кіргізбей жатыр деп шағымданды. Тараптарды тыңдаған тілшіміз тақырыпты тарқатады.  

Жыл басталғалы Атырау мен Орал қалалары арасында жолаушы тасымалдайтын такси жүргізушілерінің қызметінен береке қашқан. Айтуларынша, бақылау-өткізу бекетіндегілер автобекет аумағына кіруге үзілді-кесілді тиым салған. Онысын басшылықтың тапсырмасы деп түсіндіріпті. Ал жолаушылардың жиналатын жері – осы, - дейді ашулы жүргізушілер.

Талғат ДЕМЕШОВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Қаңтардан бастап бізді кіргізбей қалды. Басқа таксилер кіреді. Батыс кірмейді. Соған біз наразы боп тұрмыз. Біздер далаға қалып қоямыз былай қарағанда. Ал басқа таксистер жұмыс жасап жүр. «Бастыстан» біздер жеке кәсіпкер ретінде заңды жұмыс жасап отырмыз.


Орал мен Атырау арасында қатынайтын 30 шақты таксиге жауапты жеке кәсіпкер автобекет басшыларымен келісім-шартқа отырғанын айтады. Ол қыркүйек-желтоқсан аралығында айына 230 мың теңге төлеп, көлік тұрағы мен офисты жалға алған. Бірақ былтыр жыл соңында жалға алған аумақ автобекетке емес, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына тиесілі екенін біліпті.  

Рысханым СЕРІКОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Үкіметтің жерін иелік етіп, бізге жалға беріп отыр заңсыз. +Аренда төлемей қалғаннан кейін, договор жасамай қалғаннан кейін осы жылдан бастап, таксилерімізді кіргізбей осы жерде күнде айқай. Былай айтқанда ана жерде шлагбаумда.

Ал автобекетті 5 жылға сенімгерлікке басқаруға алған компания басшылығы болса, бұл кәсіпкердің көліктерін аумаққа бәрібір тегін кіргізбейміз, - деп отыр. Айтуларынша, автобекеттің айналасын күтіп ұстау үшін тазалықшыларға да ақша төлеуі тиіс.

Аманжан ТӨЛЕМІСОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Біз қызмет көрсеткеніміз үшін аламыз ақшаны. Айналаны күтіп ұстайтын тазалықшыға, бақылап-өткізу бекеті маманына, аумақтағы тәртіп үшін аламыз. Бірақ ол таза аумаққа кіріп, ешқандай ақша төлегісі келмейді. «Батыс таксимен» келісім-шартқа отырған жоқпыз. Олар таксистерден ақша алады. Біз емес.  Біз «Батыс таксимен» жұмыс істемейміз.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлім басшылығы болса, автобекет аумағындағы жердің мемлекетке тиесілі екенін айтып отыр. Сондықтан сенімгерлікке алған компанияның әрекеті заңсыз екенін мәлімдеді. Тіпті аумақ тазалығына да өзіміз жауаптымыз деген шенеуніктер, неге екені белгісіз, сұхбат беруден қашқақтап, ақыры мынаны айтты.  
 
Әлібек МҰХАМБЕТӘЛИЕВ, АТЫРАУ қ.ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Автобекетті беріп отырмыз сенімгерлік мекемеге. Жердің өзі - үкіметтікі. Сенімгерлікке берілген жоқ. Жалға беруге құқығы жоқ. Ол жерге такси жүргізушілері бәрі кіре алады. Ақысыз. Өздерінің құқығы, үкіметтің жеріне сол жерде тұрып жұмыс істеуге рұқсат берілді біз тараптан. +Кедергі келтіре алмады. Сенімгерлікке алып отырған басшысы да түсіндіріп айттық.

Атқамінерлер алдымен бекет аумағындағы шлагбаумды алып тастаймыз, - деп жалаулатты. Араға бір сағат өтпей автобекет басшылығымен келісімге келгенін айтып, шулы шлагбаумды орнында қалдырды.

Ал автотұрақты заңсыз жалға беріп қалтасын қампайтқан серіктістікке жаза бола ма, жоқ па? Бұл сауал басы ашық күйі қалды. Өйткені жергілікті билік өкілі мардымды жауап бере алмады.

Б. Надірқызы