$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағанды облысында «Nur Otan» партиясының мүшелері 150 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр

AstanaTV
11.02.2021ж. 20:00
1470
Қарағанды облысында «Nur Otan» партиясының мүшелері  150 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр

Қарағанды облысында 150 мыңға жуық жаңа жұмыс орын ашу жоспарлап отыр. Бұл Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан. Кенді аймақта алдағы бес жылда он өнеркәсіп ошағы іске қосылмақ. Жұмыстардың жүзеге асу барысын өңірдегі нұротандықтар өз бақылауына алады. Партияның "Жол картасы" жайлы тілші репортажында.

Амангелді Құсмағаметов таңмен таласа пеште от жағып, үйін жылытады. Отағасы отын мен көмір көп кететінін айтады. Бұл шығынмен қоса күл шығару, пеш мойнынын күйеден тазарту деген күйбіңі тағы бар. Одан бөлек пешті қараусыз қалдыру қауіпті. Жеке сектор тұрғындары таяу уақытта қара көмірдің тауқыметінен арылмақ. Табиғи газ беріледі.

Амангелді ҚҰСМАҒАМЕТОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді газ келсе өте жақсы ғой. Көмір іздемейміз. Ағаш әкелмейміз. Күл шығармаймыз. Газ пеш алғаннан кейін оны екі контурный қоямыз. Ыстық су да болады. Титанды қосып ұл шығармаймыз. Сондай жақсылықты күтіп отырмыз.

Шахтерлер шаһарында жоғары қысымды газ құбырын тарататын нысанның құрылысы аяқталуда. Көптен күткен көгілдір отын мыңдаған жеке сектордағы баспана мен көпқабатты үйлерге беріледі. Газ кейбір шалғайдағы мектептер мен емханаларға да жетеді. Игілікті істің жүзеге асуын Nur Otan партиясының мүшелері жіті бақылауда ұстап отыр. Табиғи газ тұрғындар тұрмысын жақсартатыны сөзсіз. Экологиялық тұрғыдан да тиімді. Ел-жұрт шаң тозаңнан арылып, қара қардан құтылады дейді, партия өкілдері.

Қадиша ОСПАНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Сайлауалды уәдені жүзеге асыру бойынша "Жол картасының" нақты жоспары мен нақты индикаторы бар. «Nur Otan» партиясының атынан депутаттар бекітілген. Фракция міндетті түрде уәделердің қалай орындалып жатқанын қадағалап отырады.

Партияның сайлауалды бағдарламаға енгізген жоспарлары, Жол картасына енгізілген. Ол алдағы 5 жылға әзірленген. Құжат өңірдің барлық саласын қамтиды. Партия мүшелері ауыл, аудан, қаланың қалың түйткілін түгел тізбектеп шықты. Аймақтың экономикалық дамуы, жаңа жұмыс орындар ашу, жолды жөндеу, аулаларды абаттандыру, қолжетімді баспаналар салу. Ең өзектісі осылар. Алдағы жылдары аймақта бой көтеретін көпқабатты тұрғын үй екі есе көбейеді. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау да ескерілген.

Қадиша ОСПАНОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Құрылысшылар қажет. Жоғары санатты мамандар керек. Біз қазір әлуеметтік желіден жаңа үйлердің сапасы сын көтермейтінін көріп отырмыз. Иә, баспана қатарын көбейту керек. Бірақ сапалы нысандар салынуы тиіс. Осыған мамандар дайындауымыз керек. Мүмкіндіктеріміз де жеткілікті. Коллеждердің материалдық базасы сақадай –сай және кәсіпорындармен тікелей жұмыс істей алады.

Nur Otaның ілкідегі Жол картасы өңір мектептеріндегі бірінші, екінші сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуға жол ашты. Ендігі кезекте үшінші,төртінші сыныптар тұр. Сонымен қатар партиялықтар облыстың 48 білім ордасында спорт зал салуға қаражаттың бөлінуіне мұрындық болды. Осы игі істердің жүзеге асу барысын енді партия өкілдері өздері бақылайды.

З. Санай