$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ағаш үйлерде тұрып жатқан павлодарлықтар "жанын шүберекке түйіп отыр"

AstanaTV
12.02.2021ж. 20:00
2662
Ағаш үйлерде тұрып жатқан павлодарлықтар "жанын шүберекке түйіп отыр"

Ал, ағаш үйлерде тұрып жатқан павлодарлықтар, қауіптің күн өткен сайын күшейіп келе жатқанына алаңдаулы. Өткен ғасырда салынған баспаналары әбден тозған. Құлаудың аз-ақ, алдында тұрғанын айтады. Арнайы мамандардың сараптамасымен жарамсыз деп танылса да, сүрілмей жатқанын айтып, көмек сұрады. Басқа барар жері жоқ халық үйінді астында қалудан қорқады. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тілшіміз тыңдап келді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:


Бұл ағаш үйлер өткен ғасырдың 50 жылдары бой көтерген. Кезінде уақытша - деп салынған баспаналардың тұрғанына 70 жылдан асыпты. Өкінішке қарай, мұнда әлі күнге дейін адамдар тұруға мәжбүр.

Теміржолшылар көшесіндегі екі қабатты 2 үйде 16 пәтер бар. Апатты деп танылған баспана құлауға шақ тұр. Едені опырылып, қабырғалары шытынап кеткен. 20 жылдан бері тұрып жатқан, Күләйім Мұқышева қорқынышпен өмір сүріп жатқанын айтады. Қолдарында «тұруға жарамсыз үй» деген құжаттары бар.  

Күләйім МҰҚЫШЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Көктем келсе, мына жерден су ағады. Далада көктем бізде үйде де көктем. Шелек, карита түгелін қоямыз осы жерге. Кухня, ваннаны да көрдіңіздер бағана қандай жағдай болып тұр. Еріп, түгелі каша сияқты болып.


Ал мынау Нұрмағанбетов көшесіндегі ескі үй. Сырты кірпіш болғанымен, іші ағаш. Ескіргендіктен үйдің коммуналдық жүйесі істен шыққан. Соның салдарынан тұрғындар, даладан су тасып ішіп отыр.

Татьяна КЛИЧЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Бұл үй 1958 жылы салынған. Менде ванна жоқ. Өйткені, қоюға қауіпті. Еден қозғалып тұрады. Опырылып кетеме - деп қорқамыз.


Махаббат ТӨЛЕУБАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мен бұл үйде тұрып жатқаныма 15 жыл болады. Үнемі проблемадан көз ашқан емеспіз. Бізде кәріз жүйесі істен шыға береді. Бірде су құбыры жарылады. Көктем мен күзде шатырдан су сорғалайды. Үйіміз қорқынышты. Қабырғалары шытынап жатыр. Қай күні құлайды - деп қорқып отырамыз.  

Тұрғындар мәселесін айтып, талай есікті қаққан. Алайда, оларды тыңдайтын шенді табылма қоймапты. Мәселені қала әкімдігіне жеткіздік. Ондағылар бұл үйлерді бұзудың әзірге кезегі келмегенін айтты.  

Жансерік ҚАПЗОЛЛА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ МАМАНЫ:


Ескі ағаш үйлерді кезең-кезеңімен бұзу жоспарлануда. Ағымдағы жылы бұрынғы «Алюминстрой» шағын ауданында орналасқан 8, екі қабатты тұрғын үй бұзылатын болады. Сонымен қатар «Сарыарқа», «Достық» шағын аудандарында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғаннан кейін жоғарыда атап өткен ағаш үйлер кезең-кезеңімен бұзу жалғасатын болады.

Демек бұл ескі үйлер биылғы жоспарда жоқ. Сондықтан, апатты үй тұрғындарының әлі де «жанын шүберекке түйіп» отыра тұруына тура келмек. Ал оған дейін құлап кетпейтініне ешкім кепіл бола алмайды. Әкімдік өкілінің дерегінше Павлодар қаласында ағаштан салынған жалпы саны 44 үй бар.

Ө. Қуанар