Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Петропавлда жергілікті билік спортшыға пәтер сыйлап, артынша оны қайтарып алған

AstanaTV
12.02.2021ж. 20:00
1627
Петропавлда жергілікті билік спортшыға пәтер сыйлап, артынша оны қайтарып алған

Қызылжарда жергілікті билік спортшыға пәтер сыйлап, артынша оны қайтарып алған. Бүгін ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазов, БАҚ өкілдеріне өзінің жанайқайын жеткізді. Айтуынша, аймақ атқамінерлері кәсіпкерлермен бірлесіп, оны алдап кеткен. Енді шенеуніктерге өкпелі зілтемірші туған жеріне қайтқысы жоқ. Мәселенің анық-қанығын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин білді.

Ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазовтың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Әлем аренасында қазақтың намысын қорғап жүріп, үйге оралған соң опық жегенін айтады. 2015 жылы ел қоржынына "Алтын алқа" түсіргені үшін аймақ атқамінері спортшыға жаңа коммерциялық үйден екі бөлмелі пәтер табыстаған. Алайда, артынша құзырлы органдар баспананы босатуды талап еткен.  

Айдар ҚАЗОВ, СПОРТШЫ:

2015 жылы сол кездегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов, Казградстрой компаниясының басшысы Александр Авдеевке, маған "Мечта" тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер беруді тапсырды. Мен отбасыммен бірге екі жыл сонда тұрдым. Кәсіпорын жетекшісі пәтерді рәсімдеу жұмысынан қашқақтай берді. 2018 жылы ол бізге Қызылжар тұрғын үй кешенінен пәтер ұсынды. Көшсең, бірден атына аударып береміз деді. Біз көндік. Бірақ жарты жылдан кейін ол пәтердің басқа иесі пайда болып, бізді қуып шықты.


Отбасымен бірге далада қалған спортшыға қалалық әкімдік ескі үйден уақытша пана берген. Бір бөлмелі пәтер ірі қарыз үшін жарық пен газдан ажыратылған. Спортшының отбасы онда тұра алмаған. Ал билік тарапы зілтеміршіге ешқандай пәтер сыйға тартылмаған деген мәлімдеме жасап отыр.

Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Пәтер сыйлау бастамасын кәсіпкер Александр Авдеев көтерді. Бұл оның жеке бастамасы. Кілтті берген сол. Бюджеттен бұған қаражат бөлінген жоқ. 2019 жылы спорт басқармасы Айдар Қазовқа жалдық коммуналдық пәтер бөлді. Коммуналдық қызметтің қарызын біз өзіміз жаптық. Енді спортшы бір жылдан бері коммуналдық қызметтің ақысын төлемей отыр. Жалпы, пәтер тек Олимпиада және Параолимпиада ойындарының қатысушыларына ғана сыйға тартылады.

"Қазградстрой" құрылыс компаниясы, бірнеше жыл бұрын Петропавлда танымал кәсіпорындардың бірі болған. Алайда, 2018 жылы қаржылық қысылтаяңға тап болып, банкротка ұшырады. Компания жетекшісі Александр Авдеев, Айдар Қазовқа пәтер бөлгенде әкімдіктің арбауына түскенін айтады.  

Александр АВДЕЕВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Екі бөлмелі пәтер банкке кепілдікке қойылып, оның құнын қалалық әкімдік өтеуі тиіс болған. Пәтерді облыс әкімі сыйлады. Бірақ әкімдік келісім-шартты бұзып, банктен қаражатты қайтарып алған. Кейін банк бұл пәтерлерді аукционда сатып жіберген. Мен спортшыны бұл үйде қалдырар едім. Бірақ жағдайым болмады.

Бүгін сағы сынған зілтемірші Айдар Қазов үлкен спорттан кететінін жариялады. Ал қалалық әкімдік ұсынған тар пәтерді қайтарып бермек. Жалпы еске салсақ, бұл бұрынғы әкім-қараларға қатысты алғашқы дау емес. Экс-атқамінерлер 2010 жылы театр әртістеріне 6 пәтер сыйлап, енді биыл төртеуін қайтарып беруді талап етіп отыр.

А. Құрманкин