Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Солтүстік Қазақстан облысында 79 ауылға су басу қаупі төніп тұр

AstanaTV
15.02.2021ж. 20:00
1662
Солтүстік Қазақстан облысында 79 ауылға су басу қаупі төніп тұр

Солтүстік Қазақстан облысындағы 79 ауылға су басу қаупі төніп тұр. Биыл қардың мөлшері қалыпты көрсеткіштен асқан жоқ. Дегенмен, теріскейде күн райы құбылмалы. Төтенше жағдай мамандары алаңдаулы.

Мамандар көктемге тас түйін дайын ба? Синоптиктер қандай болжам жасап отыр? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жауап іздеді.

Қызылжардың құтқарушылары, тасқынға төтеп беруге білек сыбана әзірлікті бастады. Олар 2017 жылы жүздеген ауылды басқан қызыл судан келген залалды ұмытқан жоқ. Содан бері қызыл суды өткізу үшін, жолдардың астынан 13 ірі құбыр қойған. Сонымен қатар ауылдардың жан-жағынан құмды бөгеттер жасапты. Мұндай бөгеттер шамамен 112 шақырымды құрайды. Осының арқасында тасқыннан қауіптенген ауылдардың санын 92-ден 79-ға дейін азайып отырмыз деді.

Мұрат ҚАНҒУЖИНОВ, СҚО ТЖД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Енді 2021-2023 жылдарға арналған тасқын қарсы шаралардың жол картасын әзірледік. Соның аясында біз тағы 5 ірі тас жолдың астынан ірі құбырларды орнатамыз. Сондай-ақ, ауылдардың маңайынан дамба тұрғызу шаралары жалғастырылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 23 миллиард теңге бөлінеді. Осының арқасында біз тағы он ауылда тасқынның қаупін жоямыз.


Бүгінде төтенше жағдай департаментінің құрамында 500 жуық қызметкер бар. Көктемде жағдай ушықса, жергілікті билік қосымша екі мыңға жуық адамды жұмылдыруға қауқарлы. Құзырлы органдар 155 бірлік техника, 8 жүзу құралы мен 83 моторлы су сорғысын әзірлеп қойған.

Жалпы, қыс басталғалы қардың мөлшері көпжылғы орташа көрсеткіштен асқан жоқ. Алайда, бастапқыда жауын-шашын тапшы болғандықтан, топырақ 1.5 метрге дейін қатып қалған. Осының салдарынан көктемде еріген қар жерге сіңбей, қызыл суға айналуы мүмкін, дейді ауа райын болжаушылар.  

Наталия ЛЕВИНА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК СҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Қазір қардың қалыңдығы 34-тен 82 см-ге дейін. Бұл орташа көрсеткіш. Ақпан аяғына дейін бірнеше рет қар жауады. Наурыздың ортасына дейін жауын-шашын мөлшері көп болады деп күтілуде. Сондай-ақ, топырақ былтырға қарағанда жарты метрге терең қатып қалған. Әрине 2017 жылдағы тасқын қайталанбас, бірақ өзен деңгейінің өсетіні анық.

Сонымен, тасқынның алғышарттарын байқап отырған төтенше жағдай мамандары, жағдайдың табан астынан ушығып кетуі әбден мүұмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан құтқарушылар қазір барлық күшті жұмылдырып, күн райын аңдып отыр.  

А. Құрманкин