Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Атыраулықтар егеуқұйрық басқан, апатты үйде тұрып жатыр

AstanaTV
16.02.2021ж. 20:00
2520
Атыраулықтар егеуқұйрық басқан, апатты үйде тұрып жатыр

Атыраулықтар салынғанына 60 жыл болған апатты үйде, егеуқұйрықтармен бірге өмір сүріп жатыр. Ал тышқан мен бүрге үйреншікті көршімізге айналғалы қашан ,- дейді. Осыдан 10 жыл бұрын апатты деп танылған үй халқы әкімдіктен жаңа пәтерге көшіруді талап етеді. Тозығы жеткен баспанаға барып қайтқан тілшіміз, тақырыпты жалғастырады.  

Жалғызбасты ана Гүлбану Тоғаева, егеуқұйрыққа жем болудан қорыққан. Одан бөлек, әбден ескірген баспананың, қабырғалары жаңбыр суынан мүжіліп, едені басқан сайын опырыла берген соң бас амандығын ойлапты. Ал Самат Омаровтың пәтер жалдауға да жағдайы жоқ. Қолқаны қабатын иіс пен көгерген қабырғалардың ортасында отыруға мәжбүр. Отбасының жалғыз асыраушысы, қос сәбиінің де жиі ауырып қалатынына шығым айтты.  

Самат ОМАРОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Көгеріп кеткен. Жөндеу жасаймыз, үнемі жуамыз, терезенің бәрі қаптап кетеді. Залды да солай.  

1962 жылы салынған бұл үйлерде 16 пәтер бар. Баспананың сыртынан-ақ, адам тұрып жатыр десе сену қиын. Халық ауыз суды тасып ішеді, ал  дәретхананы сыртқа тұрғызып алған.  

Қалампыр ЖАНСЕКЕРОВА,  АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Мынаның  ішінде не газ жоқ, не су жоқ, не дәретхана жоқ. Далаға шығамыз дәретханаға. Плиткамен тамақ пісіреміз.Тоқтың бәрі 62-ден бері тұрған тоқтар. Өртеніп кетсе не болады?

Евгения ВОЛЬЧЕВА,  АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Еденіміз түсіп кеткен. Астында тышқан да, егеуқұйрық та жүр. Үстел үстіне бірдеңе қалдыруға қорқамыз, таңертең таппай қаламыз. Ал бүрге тіптен көп. Денемізді дымын қалдырмай шағып тастады. Ауру жұқтырамыз ба деп қорқамыз.

Қалалық әкімдік өкілдері болса, тұрғындарға былтыр «Жұлдыз» ықшам ауданында салынған жаңа үйлерден баспана ұсыныпты. Алайда қаладан қашық болғандықтан, апатты үй тұрғындары келіспей қойған деп отыр. Енді «Береке» мөлтек ауданынан салынып жатқан құрылыс аяқталса, сонда қоныстандыруды жоспарлап қойған.  

Рафхат ЖОЛДИЕВ, АТЫРАУ қ. ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Бірінші кезекте бітетін үйлерден бұл кісілерді көшіру мәселесін қараймыз. Егер көшем деген жағдайда біз Жұлдыз ықшам ауданына көшіруге әзірміз қазіргі уақытта да. Бізде пәтерлер бар. Үйлердің құрылысы бітуіне байланысты.


Бұл баспаналар апатты деп танылғалы 10 жыл болған. Содан бері Атырау қаласында 7 рет әкім ауысты. Соңғысы Қайрат Оразбаев, былтыр жыл соңында: «қаңтарда қалаға жақын орналасқан мөлтек ауданнан жаңа пәтер береміз»,- деп уәде еткен. Бірақ қаңтар бітіп, ақпан ортасына келсе де әкімдіктен хабар жоқ дейді. Енді олар жиналып, уәдеден тайған шенеунікке бармақшы. Жалпы шаһарда осындай апатты үйлердің саны аз емес. Шамамен 70 нысан бар. Онда мыңға жуық отбасы тұрып жатыр.

Б.Нәдірқызы