$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Экономисттер үйді келесі жылы алуға кеңес береді

AstanaTV
16.02.2021ж. 20:00
3632
Экономисттер үйді келесі жылы алуға кеңес береді

78 мың қазақстандықтың зейнетақы қорынан ақша алуға берген өтініші мақұлданды. 90 пайызы ақшаны баспана мәселесін шешуге жұмсамақ ниетте. Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев хабарлады. Ал жалпы өтініш саны 115 мыңнан асады. Олардың арасында өтінішті дұрыс толтырмай әлі күнге тиісті қаржысын ала алмай жүргендер де бар. Олардың жәй-күйі не болмақ, бұл жүйеден мемлекет қалай ұтып отыр? Әлішер Өмірзақ айтып береді.

Елордалық Инна Петрқызы зейнетақы қорынан қаражат алғысы келетіндердің қатарынан. Шотында тиісті қаражат болмағанымен, жұбайы жинап үлгеріпті. Бірақ шетелде және жеке кәулігінің мерзімі өткендіктен өтініш беру ұзаққа созылғанын айтады. «Мұндайда қандай шешім бар» деген сұраққа, жауапты «call center-ден» ала алмадық дейді.

Инна ДОСКЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Қорда жатқаннан ақшаны айналымға салып, пайда тапқанды дұрыс деп шештік. Ондағы ақша инфляция салдарынан құнсыздануы мүмкін, ал мүлік бағасы жыл сайын өсіп жатыр ғой. Сондықтан үй алып қою тиімді деген қортындыға келдік. «Сall center-ге» жұбайымының жағдайын түсіндіргеніммен жауапты екі-үш күннен кейін беріп отырды. Осылайша бір аптаға жуық уақыт өтті. Ақыры таныстарым арқылы біліп, өтінішті онлайн бердік.


Инна секілді жинақтағы қаражатты мерзімінен бұрын аламын деген қазақстандықтардың саны 115 мың. Жалпы қаражат көлемі 1,8 трлн теңгеге жуық. Бүгінгі күні 75 мың азаматтың өтініші мақұлданды. Олардың басым бөлігі баспана мәселесін шешу үшін осындай қадамға барған.

Ерболат ДОСАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:
 
Азаматтар алынған жинақтардың 87 пайызын тұрғын үй мәселелерін шешуге, оның 45,5 пайызын - тұрғын үй сатып алуға; 28,3 пайызын - ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге; 10,5 пайызын екінші деңгейдегі банктерге бастапқы жарна үшін  және өзге де мақсаттарға жұмсауға ниеттенеді.

Қордағы ақшаны алуға рұқсат берілгелі жылжымайтын мүлік құны күрт өсті. Риэлторлар баспана бағасы өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 8 пайызға қымбаттаған дейді. Экономистер де баға тіпті жазда да  қымбаттауы мүмкін екенін айтады.

Арман БАЙҒАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

Үйді келесі жылы алсаңыз да болады. Нарықта баға тұрақтанғанын күткен жөн. Мәселен менің де жинағаным бар, бірақ биыл баспана аламын деген жоспарым жоқ. Өйткені баға әлі де өседі, сондықтан келесі жылды күтемін.


Ал риэлторлық орталықтың директоры Ғалым Ысқақ, бұл бастама баспанасын аңсаған халықтан бөлек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үшін де, сондай-ақ банктер үшін де тиімді дейді.

Ғалым ЫСҚАҚ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Соңғы жылдары қорға ақша аудармайтындар саны артты, әсіресе жастар арасында. Қорға деген сенім жоғалып барады. Ал мемлекет мерзімінен бұрын ақшаны жұмсауға рұқсат беру арқылы халықты керісінше қайта қорға ақшаны көптеп аударуға ынталандырып отыр. Ақшаны шешіп, үй алып жатқандардың көбі банкке жүгінеді. Осылайша қор, артынша банкте ақша айналымы артып, бұл жүйден ұтып отыр.

Жалпы біздегі ипотека жүйесі, әлемдегі ең тиімсіз жүйенің бірі. Finprom агенттігінде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, ипотеканың қолжетімділігі бойынша, Қазақстан 109 елдің ішінен 74 орынға жайғасқан. Мәселен 90 шаршы метрді 20 жылға алғандағы төлем, бір отбасының айлық табысыннан 1,5 есе жоғары шығады екен. КТМ: Ал ең тиімді жүйе Сауд Арабиясында. Онда айлық төлем отбасы табысының тек 30 пайызын құрайды.

Ә. Өмірзақ