Қостанайда шенеуніктер шекісіп жатыр. Аймақтағы атқамінердің бірі әлеуметтік желі арқылы атышулы мәлімдеме жасаған экс-басшыны сотқа берді.
Рустам Садықов қара басымның емес, халықтың қамын ойлаймын деп басым дауға қалды дейді. Экс-шенеунік Заречный елді-мекенінің аумағынан құм қазуға рұқсат бермегені үшін істі болғанын айтады. Карьердің жұмысына ауыл тұрғындары да наразылық білдірген. Өйткені ол маңда оба індетінің қорымы бар. Алайда алматылық компания үш рет өтінім жазып, ақыры аумаққа рұқсат алады. Ал Рустам Садықовқа кәсіпкерлікке кедергі келтірді деген айып тағылып отыр.
Рустам САДЫҚОВ, ЭКС-ШЕНЕУНІК:
Жоба экспертизадан өткен кезде. Сонда жергілікті қауыммен келісу керек дегені бар. Соны өтпеген сол компания. Сондықтан егерде уақытында бәрі істелінсе, халықпен келіссе осы жағдай болмас еді.
Қостанай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары құм карьеріне лицензия берген мемлекеттік мекеменің «бармақ басты, көз қысты» жасағанны айтады. Бірақ табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы рұқсат құжаты заң шеңберінде берілгенін мәлімдеп отыр. Экс- шенеунік Садықов әлеуметтік желі қолданушыларын адастырып, мемлекеттік қызметкердің ар-ожданына нұқсан келтірді. Сол үшін сотқа бердім дейді басқарма басшысы.
Мұрат ШАЙЫМОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒАТ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Оның айтқанының барлығы мемлекеттік қызметкер ретінде менің ар-ожданыма, қызметтік беделіме нұқсан келтіреді. Біз барлық құжаттарды заң шеңберінде бердік. Нақты сол құм карьеріне қатысты. Экпертиза өткізілген. Ешқандай сұрақ туындауы тиіс емес. Заңдылықты негізге ала отырып тікелей өзім сотқа талап –арыз түсірдім.
З. Санай