$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Күре жолды уақытылы тазаламағандарға 74 миллион теңге айыппұл салынды

AstanaTV
18.02.2021ж. 20:00
2060
Күре жолды уақытылы тазаламағандарға 74 миллион теңге айыппұл салынды

Республикалық маңызға ие көлік жолдарын талапқа сай күтіп ұстамаған оралдық мердігерге, 74 миллион теңге айыппұл салынды. «ҚазАвтоЖол» компаниясы өкілдерінің айтуынша, жауапты мекеме өз міндетін дұрыс атқармапты. Бұл мердігерге «Самара-Шымкент» тас жолының Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі аумағын қар мен мұздан тазарту тапсырылған. Бірақ мердігер бұл міндеттемені дұрыс орындамаған екен. Ақпан айында күн күрт жылынып, кейін борандатып, аяз күшейді. Осылайша бірер күнде көктайғаққа айналған күре жолдың жағдайы мәз емес.

Елдар САДЫҚ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ ҰК БҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 
Құмды тұзды қоспа себу, жолды, жол жиектерін тазалау жұмыстарын ұйымдастыруын қадағалап, кейбір учаскелер үшін мердігер ұйымға ұйғарым берілді. «Қазақавтодор» ЖШС БҚОФ-на 74 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.

Көк мұзға айналған мұндай жол шыбын жанын шүберекке түйген көлік жүргізушілері үшін қауіп-қатерге толы. Полиция дерегінше, жыл басынан бері облыс жолдарында 25 жол апаты тіркеліпті. 7 адам қаза тауып, 59 жолаушы жарақат алған. Жол апатының көбі көктайғақ салдарынан болатыны жасырын емес, - дейді мамандар.

Әділ ИСАТАЕВ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ДИРЕКТОРЫ:

Ауа райы күрт өзгеріп, жаңбырдан кейін аяз күшейді. Осының кесірінен жол көк мұзға айналды. Талапқа сай, көктайғақты 6 сағатта жоюымыз керек. Бірақ жолаушылар жолды бірден тазартуды талап етеді. Тіпті жолдың жабылғанына қарамай, сапарын жалғастырып, кейін бізді кінәлайтындар да бар. Ал 74 миллион теңге айыппұл жолды күтіп-ұстауға бөлінетін сомадан шегеріледі.

Е. Карин