Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Ақтүтек боран коммуналдық қызметін аяқтан тұрғызды

AstanaTV
18.02.2021ж. 20:00
2509
Ақтүтек боран коммуналдық қызметін аяқтан тұрғызды

Ақпандағы ақтүтек боран Атыраудағы коммуналдық қызметі аяқтан тік тұрғызды. Екі тәулікке жуық тоқтамай жауған қарға қала көміліп қалды. Көліктер жолда қалған. Шаһардың бірнеше мөлтек ауданында жарық сөнді. Боранның әлегін тілшіміз баяндайды.

Бұл - Атырау-Астрахань тас жолы. Ақ түтек боранға байланысты кешелі бері жабық тұр. Алайда 50-ге тарта көлік көзге түрткісіз боранда жолда қалған. 300 шақырым жолды он сағат жүрсе де діттеген жеріне жете алар емес. Қаладағы жағдай да көңіл көншітпейді. Алты бірдей мөлтек ауданда жарық өшіп қалған.  

Тілеужан МЕҢДАЛИЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:


Табиғаттың қолайсыздығы салдарынан. Кеше боранды ескерту берілді. 15-20 метр секунд жел деп. Соның әсерінен. «Атырау жарықтың» желілерінде өшу жоқ. Өшіп жатырғандардың көбі ЖКХ линиясы.


Коммуналдық қызмет екі ауысыммен жұмыс режиміне көшкен. Алайда көшені ақ ұлпадан тазартып үлгере алар емес. Қар үйіліп қалған. Техника жетпеген соң, өзге мекемелерден 30 шақты ауыр жүк көліктерін алған.

Күләндә ТӘЖІҒАЛИЕВА, «АРНАУЛЫ АВТОБАЗА» ЖШС БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:


Жоспарланған зат емес қой былай қарағанда. Қыс болмай-болмай тұрып, болып кеп қалды.  Жан-жаққа бөліп салып жатырмыз техникаларымыздың бәрін. Қардың көптігі ғой. Он машинаны бір жерден шығарып жатырмыз.

Қалың түскен қар, автокөліктен бөлек, жаяу жүргіншілерге де оңай болмай тұр. Өйткені жүргінші жолдарыда көрінбей қалған. Тәулік ішінде 50-ге жуық аяғы тайып құлап, дәрігерге жүгінген.

Ерлан АҚАЖАНОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қалалық әкімдіктің жұмысына ешқандай көңілім толмайды. Көше тазаланбаған, қар сол күйі жатыр.  Жаяу жүру өте қолайсыз. Адамдар тайып құлап жатыр.

Құрбан МАГОМЕДОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қар тазалап жатқан техникалын мүлдем көргем жоқ. Қайсы? Көше тазалану керек қой? Адамдар қол күрекпен тазалап жүр. Одан өнбейді ғой.  Бұрын мұндайда бәрін жұмылдыратын. Мүмкін шықпай жатқан шығар техникалар.

Қарлы қысты күтпеген коммуналдық қызметке әлі біраз тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Өйткені синоптиктер алдағы аптада да осындай мол қар жауады деп хабарлайды.

Б. Надірқызы