Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Оқушылар мектепке бару үшін, зират ішімен жүруге мәжбүр

AstanaTV
22.02.2021ж. 20:00
1581
Оқушылар мектепке бару үшін, зират ішімен жүруге мәжбүр

Алматыдағы Алатау ауданының халқы бірнеше жылдан бері жол, ауыз су мен электр жарығына жарымай жүр. Айтуларынша, жаңбыр жауса батпаққа бататын мекен, ішінде көлік тұрмақ жаяу жүру мүмкін емес. Ал, жедел-жәрдем шақырту мұңға айналған. Аудандарына жол жасап беруді талап еткен жұртпен әріптесім Әсем Лесбек тілдесіп қайтты.

Алатау ауданынына қарасты Самғау ықшамауданында 70-ке жуық түтін бар. Тұрғындардың алды мұнда 2005-ші жылдан бастап қоныстанған. Содан бері жұрт, жолдың жырын жырлап келеді. Өз қалталарынан ақша шығарып, тас төсегенімен, кәріз бен су құбырларын жүргізген мердігерлер бұзып кетті дейді.

Әділбек ТӨРЕГЕЛДИЕВ, «САМҒАУ» ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр келіп, канализация, водопровод тартқансынып кетті. Артынан ешқандай түзегенде жоқ. Оңқыр-шоңқыр өзіміз қолдан жасаған жолдарымыздың өзін быт-шытын шығарып кетті. Через кладбище өтеді барлығы мектепке.

Шынымен, мектепке бару үшін оқушылар да ішімен жүруге мәжбүр.  Өйткені басқа көшелермен жаяу жүру мүмкін емес, әсіресе көктемде. Мұндағы ересектердің өзі қалаға шығу үшін екінші аяқ киім арқалап жүретіндерін жеткізді.

Айымгүл КӘКЕНОВА, «САМҒАУ» ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өте қиын, өте қиын әсіресе мына балаларға, үлкен кісілерге мына балшық біздің басқан аяғымызды артқа кетіреді. Жолға балалар сабаққа бара алмайды. Міне мына мынау зират арқылы барамыз. Өз күшімізбен жасадық. Светті, тоқты әркім өз қолымен тартып алды.

Тұрғындар бала-шағасынан жырып, өз қаржыларына трансформатор мен бағандарды да орнатқызып қойыпты. Ауыз суды да қолдан құдық қазып, кіргізіп алған.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Жолдан өзге өркениеттен айырылған «самғаулықтар» жарық пен медпунктке де жарымай отыр. Қоғамдық көлік мәселесі де шешілмеген. Тұрғындар шенділер бұл проблемаларды шешуге қауқарсыз дейді.

Базыналы бұқараның арызын арқалап, аудан атқамінерлеріне жолықтық. Ондағылар келесі айдан астап жол мәселесі шешіледі деді.

Қуатбек МАҚАШОВ, АЛМАТЫ қ. АЛАТАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ КОММУНАЛДЫҚ БӨЛІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

"Самғауда" кәріз бен су жүйелері тартылған. 2021 жылы наурыз айынан бастап жол құрылысы кіреді. Бір айдан кейін шамамен жер кішкене дегдіп, техника кіре алатын жағдайға жеткенде біз ол жерге жаңа жол құрылысын бастаймыз.

Сондықтан «самғаулықтарға» аздап сабыр сақтай тұруға тура келеді деген әкімдік күзге дейін бар мәселесінің шешілетін айтты. Ал жұрт күмәнмен қарайды. Егер бұл жолы да уәде орындалмаса Үкіметке шағым жазуға бекінген.  

Ә. Лесбек