$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Әлеуметтік осал топтағы елордалықтардың үйіне газ қосуға көмек көрсетіледі

AstanaTV
23.02.2021ж. 20:00
1692
Әлеуметтік осал топтағы елордалықтардың үйіне газ қосуға көмек көрсетіледі

Елордада әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйіне газ қосуға көмек көрсетіледі. Бұл тек қаланың шетіндегі тұрғын алаптарға ғана қатысты. Ол үшін әкімдік бюджетінен әр отбасыға 250 мың теңгеден астам қаржы бөлінбек. Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы осыны жеткізді. Сонымен бірге депутаттар осы уақытқа дейін көгілдір отынды тұтынып отырған тұрғындармен кездесіп, олардың жағдайларын біліп қайтты. Жыл соңына дейін тағы 12 мың баспанаға газ беру жоспарланып отыр.

Ерлан КАНАЛИМОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Ең бірінші әлеуметтік осал топтың өкілдерін қосып берсек, олар әкімдіктің тарапынан бөлінген ақша арқылы қоссақ тұтынушылардың да саны көбейетін болады. Ең басты мәселе өзіміздің тұрғын алапта тұрып жатқан өзіміздің елордалықтарға қаланың орталығындағыдай әлеуметтік басқа да қызметтер түрлерін көрсете білу.

Бұдан бөлек, политехникалық колледж газ саласының мамандарын дайындауға күш салмақ. Қалалық мәслихаттың депутаттары осыны айтты. Сондай-ақ, көгілдір отынды үйлерге кіргізетін мемлекеттік ұйым құрылмақ. Бүгінде Нұр-Сұлтанда мұндай қызметтерді 50-ге жуық жеке компания атқарып жүр. Олардың қызмет ақысы 150 мың теңгеден басталып, жарты миллион теңгеге дейін жетеді.  

Батыр ҚОТЫРЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Әр компания қызмет құнын өздері білгілейді. Сондықтан менің ойымша, нарықтағы үстемдікті теріс пайдаланбау үшін бұл мәселені қарастырып, реттеу керек. Жүргізілген жұмыстардың барлығы сапасына сай болуы шарт.

А. Данияр