Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Әйеліне заңсыз жалақы төлеген бас дәрігердің ісі қылмысқа жатпайды - АНТИКОР

AstanaTV
24.02.2021ж. 20:00
2530
Әйеліне заңсыз жалақы төлеген бас дәрігердің ісі қылмысқа жатпайды - АНТИКОР

Пандемия өршіген кезде өз әйеліне заңсыз жалақы төлеген аудандық аурухананың бас дәрігерінің ісі қылмысқа жатпайды. Батыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері осылай деп отыр. Құзырлылардың айтуынша, бүгінде барлық ақша бюджетке кері қайтарылған. Сондықтан қылмыстық іс қозғалмайды. Ал аурухана қызметкерлері адам жанының арашасы болудан гөрі, ақшаға ұмтылған басшының бұл ісі - дәрігерге жат қылық деп отыр.

Теректі ауданындағы нөмірі 2-ші аурухананың басшысы Бекзат Кубаев әйелін пандемия кезінде жұмысқа тұрғызғанын мойындайды. Бірақ оның орнына басқа адам жұмыс істеген. Ал келіншегі жұмысқа шықпаса да, 274 мың теңге айлықты қалтаға басқан. Бас дәрігер сол кезде тағы бір қызметкерге дәл осылай жалақы төлепті.

Бекзат КУБАЕВ, БҚО ТЕРЕКТІ АУДАНЫ №2 АУРУХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Факт болды, бұл факт бойынша тексеріс болды. Тексерістің нәтижесі бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаменті тексерді. Оның қорытындысы бойынша облыстық денсаулық басқармасы да тексерді. Осы қаржының бәрі бюджетке қайтарылды.

Бұл сөзді өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері де растады. Өйткені келтірілген шығын көлемі тым аз. Небары 476 мың теңге деді. Сондықтан қылмыстық іс қозғамапты.

Нұрдәулет СӘМЕТ, БҚО БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

ҚР Қылмыстық Кодексінің 361-бабы, яғни қызметтік өкілеттіліктерін теріс пайдалану бабымен қылмыстық іс тіркеуге негіз жоқ. Себебі келтірілген шығын елеулі зиянға сәйкес келмейді. Яғни 200 АЕК-тен аспайды. Сондықтан басқа да қылмыстық құқықбұзушылық сипаттары анықталған жоқ.

Бүгінде бұл іске тексеру жүргізіліп, ақырғы шешімді қабылдау облыстық денсаулық сақтау басқармасына жүктеліпті. Ал басқарма әйелін жарылқаған Бас дәрігерге қатаң сөгіс қана берумен шектелген. Бірақ бұл шешімге аурухана қызметкерлері келіспей отыр.

Марлен ЖАРЫЛҒАСЫНОВ, БҚО ТЕРЕКТІ АУДАНЫ №2 АУРУХАНАСЫНЫҢ ХИРУРГІ:

Бұл кісі деген коллективтің арасына іріткі салып отыр ғой. Содан кейін ол кісі деген пандемияның, аурудың күшейген уақыты, пик заболеваемости ғой. Сол кезде коронавируске байланысты адамдар қырылып жатқан жағдайда ол өз мүддесін ойлап, қызметтік бабын асыра пайдаланып, ақша алуды ойлаған. Қанша дәрігер болса да, қанша бастық болса да, ешқандай адамгершілікке жатпайтын дүние ғой.

Пандемия кезінде жалған құжат жасап, бюджет қаржысын жымқырған басшының - қатаң сөгіспен құтылғанына аурухананың 20 қызметкері наразы. Бүгінде олар өз талабын хатқа түсіріп, прокуратураға жолдапты. Олардың айтуынша, бұл іс әділ қаралып, кінәлі лайық жазасын алуы тиіс.

Е. Карин