$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Алматыдағы жетінші қалалық ауруханада түсірілген антисанитарлық жағдай қаншалықты рас?

AstanaTV
24.02.2021ж. 20:00
2396
Алматыдағы жетінші қалалық ауруханада түсірілген антисанитарлық жағдай қаншалықты рас?

Алматыдағы жетінші қалалық ауруханада егеуқұйрық, тіпті тарақанда жоқ. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратты мекеме қызметкерлері жоққа шығарды. Елді дүрліктерген бейнежазба қаншалықты рас? Әріптесім Әсем Лесбек анықтап көрді.

Бұл видео әлеуметтік желілерде тарады. Бейнежазба авторы, алғашында аурухана ішінде тарақандардың қаптап жүргенін айтып, қаланың бас санитар дәрігерінен көмек сұраған. Кейіннен ота жасайтын бөлімде де егеуқұйрықтар толып жүр деп шағым айтқан.

Роликтерді түсіріп, ғаламторға жүктеген автормен тікелей тілдеспек болдық. Бірақ парақша иесі хабарламамызға жауап қайтармады. Ал аурухана келгенімізде мұндағы дәрігерлер бұл ақпараттардың жалған екенін айтты. Ал, видео қолдан монтаждалып жасалған дейді.

Есенай ЕСПЕНБЕТОВ, АЛМАТЫ №7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бұл жалған ақпарат деп айтамын. Себебі, бұл ауруханада мен 7 жыл қызмет атқарамын. Жеті жылда мұндай жағдай болмаған. Ешқашанда тарақандар да егеуқұйрықтар да бұл реанимацияда болған емес.

Мұса САХИПОВ, АЛМАТЫ №7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Менің 24 сағатым осы аурухананың ота жасайтын бөлімінде өтеді. Бұл жерден мұндайды көрген емеспін. Егер ақпарат рас болса, неге видео авторы өзін таныстырмай отыр. Ол барлығын монтажбен жасап отыр.


Сөздеріне сенуді сұраған дәрігерлер бізге аурухананың әр бұрышын көрсетіп әлек. Ал, аурухана басшысы аталмыш видеоға қатысты полицияға шығам түсіргенін мәлімдеді.

Манас РАМАЗАНОВ, АЛМАТЫ №7 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:


Бізде жоспарланған немесе жоспарланбаған тексерулерден өтеміз. Өзіміздің санопид мекемелердің бәрі дезинфекциясын, деротизация жұмыстарын әрқашанда өткізе береді. Сондықтан роликте айтылған нәрсенің бәрін өтірік деп санаймыз. Сот органдары мен ішкі істер органдарға арызымызды дайындап жатырмыз.


Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Айта кетейік, жетінші қалалық клиникалық ауруханада күніне 50 ден астам ота жасалынады. Ал жансақтау бөліміне 100-ге тарта науқас түседі. Аурухана басшысы ғаламтор бетіне тарап кеткен видео бүгінгі жұмыс күнімізге кері әсерінен тигізді деп отыр. Сондықтан олар авторды тауып, оған жаза қолдануды сұрайды.  

 Ә. Лесбек