Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Жамбыл облысында жерге қатысты" бармақ басты көз қысты әрекеттер" көп

AstanaTV
02.03.2021ж. 20:00
2084
Жамбыл облысында жерге қатысты" бармақ басты көз қысты әрекеттер" көп

Жамбыл облысында жер телімдеріне қатысты "бармақ басты көз қысты әрекеттер" көп.  Бұл туралы Антикор мамандары ақпарат таратты. Облыс орталығынан коммерциялық бағытта жер алып, өзгелерге 4 есе қымбат бағамен сатып пайда көзіне айналдырған пысықайлардың әрекеті әшкере болды. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жер кадастры басқармасындағылар өзіне және жақын туыстарының атына ауыл шаруашылық жерлерін жазып алған.

Байзақ ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі Сүлеймен Ахметов 1997 жылдан бері 98 гектар жерді игеріп келеді. Ол 42 гектар суармалы жеріне дәнді-дақылдар егіп, қалғанына арпа-бидай өсіріп келген. Жылдар бойы пайдаланған жерінің жартысын 2017 жылы бәзбіреулер иемденіп алғанын айтады. Ал оны қожалық иесі 2019 жылы жерді электронды тіркеуден өткізу кезінде, бірақ білген.

Сүлеймен АХМЕТОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

19 жылы мына электронный регистрация басталды. ЦОН-нан барып регистрация жасатайын десем, менің гос АКТ-ым өтпейді. Сіздің жеріңізде басқа адам отыр деді. Ауылбаев Асқар әкесінің атына оформить етіпті. Өзі БТИ да істейді. 17 жылы ол өзіне гос акт жасап алған.

Әліптің артын бақсақ, мұндай жағдай өңірде аз емес екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мамандар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары, өз ағайын-туыстарының атына аудандардан жер телімдерін жазып қойғанын анықтапты. Басым бөлігі ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлер деді.

Равиль ТӨЛЕБАЕВ, ҚР СЖҚҚА ЖОБ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Әрбір маман орташа есеппен 1 мың гектардан 2 мың гектарға дейін жер учаскелерін әрбір ауданда иеленген. Және олар өзінің атына немесе ағайындарының атына жазып қойған. Ең үлкені Талас ауданында бір маман өзінің ағайындарына 4 мыңнан аса жерді алып берген. Немесе Байзақ ауданында ол жерде де бір маман сол мемлекеттік корпорация маманы өзінің ағайындарының атына 16 жер учаскесін жалпы көлемі 320 гектардан асатын жерді алып берген.

Демек, жер учаскелерін сату үшін өткізілетін аукционды ұйымдастыру кезінде бірқатар бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беріп келген. Аукцион өткізер алдында интернет – ресурстары мен БАҚ арқылы  хабарландыру жарияламаған. Сатылымға қойылған жер учаскелерінің нақты мекен-жайларын көрсетпей келгені белгілі болған. Соның арқасында аукционға бөтен адамды қатыстырмай тек таныстарын кіргізіп отырғанын жеткізді.

Берік ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Сондай-ақ облыс ортағылындағы коммерциялық бағытта алынған жер учаскелері де, пайдаланылмай келген. Жерді алғандар тек сыртына қоршау қойып, қымбат бағаға сатып жіберетін болған дейді құзырлы мамандар. Осылайша оңай олжаға кенеліп отырған. Сондықтан антикор қызметкерлері жер беру ережесін қайта қарап, оңды-солды жер таратуға заңмен тосқауыл қою керек деп отыр.

Б. Жұмабай