$523.58 €549.71 ₽5.01
×

СҚО 5 жастағы бала өрттің құрбаны болды

AstanaTV
02.03.2021ж. 20:00
1790
СҚО 5 жастағы бала өрттің құрбаны болды

Жыл басталғалы елі ішінде өрт дерегі артып, оның құрбандары көбейген. Мұның себебін төтенше жағдай мамандары азаматтардың салғыртығынан деп түсіндерді. Тілсіз жаудан қаңтар және ақпан айларында 2 мыңнан астам жағдай тіркелген. Жауаптылар орны толмас, қайғылы жағдайлардың алдын неге ала алмай отыр?  Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Кеше кешкісін Солтүстік Қазақстан облысында 5 жастағы бала өрттің құрбаны болды. Қайғылы жағдай Аққайың ауданы Новоросийск ауылында тіркелді. Үйдің түтіндеп жатқанын алдымен көршілер байқап, олар төтенше жағдай мамандарын шақыртыпты. Ал, өздері жалынның ортасынан бүлдіршіннің денесін алып шыққан. Құтқарушылар болса оқиға орнына 1 сағаттан кейін ғана келген. Бұл кезде баспана түгі қалмай жанып кеткен.  

Дмитрий РАСТИХИН, СҚО ТЖД ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Аудан орталығынан өрт болған ауылға дейін 50 шақырымдық жер. Сондықтан бір сағат жүрдік. Алдын ала болжамға сәйкес, өрт пештен шыққан. 2015 жылы туылған баланың денесі сараптамаға тапсырылды. Олар баланың неден қайтыс болғанын анықтап жатыр.

Төтенше жағдай кезінде үй ішінде ересектер болмапты. Мамандардың дерегінше ата-анасы жергілікті қожалықта жұмыста болған.  Айта кету керек, Қызылжар өңірінде жыл басынан бастап 138 өрт тіркеліп, 21 адам жан тапсырды. Бұл өткен жылдан қарағанда екі есе көп, дейді сала мамандары. Жалпы республика бойынша қызыл жалыннан өткен екі айда 99 адам мерт болған. Оның 13-і кәмелетке толмаған бала. Ал, жарақат алғандың саны - 104. Жауапты министрліктің дерегі осы.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

2020 жылы өрт сөндірушілер 8 419 адам құтқарды. Бірақ өкінішке орай өрттен қайтыс болған адамдардың саны 63 адамға артқан.


Соңғы кезде көзге көрінбейтін газдан уланып жатқандардың да қатары көбейген. Екі айда 21 адам уланып көз жұмған. Онымен қоса газ баллоны қондырғыларының 32 жарылысы тіркелген. Министр жарылу фактілері әсіресе шағын бизнес секторларында көбейгенін айтады.  

Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Өкінішке қарай мұндай жағдайлар аз емес. Кеше ғана Маңғыстау облысында екі адам газ баллон жабдығындағы улы газдан уланып, қаза тапты. Түркістан облысында газ жабдығын пайдаланған жас жігіт қайтыс болды.

Бұдан басқа, мамандар автономды жылыту жүйелері бар 2 млн жуық тұрғын үйді аралап шаққан. Жергілікті әкімдік өкілдерімен бірлесіп баспаналарға датчиктер орнатуды жалғастырмақ. Десе де кейбір қазақстандықтар пештерін тексеруге барған мамандарды үйлеріне кіргізбейтін көрінеді. Министрлік, биылдың өзінде 80 мыңдай адам бас тартқанын хабарлады.

А. Данияр