$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Жантүршігерлік жол апатынан қаза болғандардың кім екені анықталды

AstanaTV
03.03.2021ж. 20:00
3695
Жантүршігерлік жол апатынан қаза болғандардың кім екені анықталды

Тобыл өңірінде болған, жантүршілерлік жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаға Түркістан облысының тұрғыны кінәлі деді. 36 жастағы жүргізуші жол ережесін өрескел бұзған. Бетпе-бет соғылған көліктегі 7 адамның, кім екені де анықталды. Қостанай полициясы бүгін жаңа деректерімен бөлісті. Жантүршігерлік жол апатының жай-жапсарын тілшіміз Заңғар Санай баяндайды.

Заңғар САНАЙ , ТІЛШІ:


Қайғылы оқиға Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тас жолында, кеше күндіз болған. Жол талғамайтын екі көлік бетпе-бет соғылған. Жолаушылардың барлығы сол жерде жан тапсырды.

Полиция қызметкерлері анықтағандай қайтыс болғандардың үшеуі Түркістан, екеуі Нұр-Сұлтан, тағы екеуі  Рудный қаласының тұрғыны. Оқиға орнында қаза тапқандардың үшеуі әйел. Сонымен бірге «Лексус» Қостанайдан Нұр-Сұлтанға, ал «Паджеро» облыс орталығына бағыт алғаны белгілі болды.

Кенже ҚОНЫСБАЙ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Лексус көлігін тізгіндеген 36 жастағы Түркістан облысының тұрғыны қарсы беттегі қауіпсіздікті ескермей, алдындағы жүк көлікті басып озамын деп қарсы бетке шыққан. Салдарынан алдында келе жатқан Мицубиси Паджеро көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.


Қазіргі таңда көліктердің қандай жылдамдықпен келіп соғылғаны белгісіз. Оны анықтау үшін сараптама тағайындалып, қажетті іс-шаралар қолға алынған. Сонымен қатар марқұмдардың кім екені анықталып, жақындарына тапсырылыпты. Ал, полиция жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғады. Жалпы екі айда өңірде 31 көлік апаты тіркеліп, 15 адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

Заңғар САНАЙ , ТІЛШІ:

Тағы 35 адам түрлі жарақат алған. Мамандар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда көлік апаты 3 пайызға төмендеген деп отыр. Дегенмен жол сақшылары көлік тізгіндеушілерді, ереже сақтауға, әсіресе алыс сапарға шыққанда барынша сақ жүруге шақырады.

З. Санай