$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Ұзынағаштықтар батпаққа тобықтан батып жүр

AstanaTV
03.03.2021ж. 20:00
1828
Ұзынағаштықтар батпаққа тобықтан батып жүр

Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылының тұрғындары батпаққа тобықтан батып жүр. Наразы жұрт көшелерінің сиқы қашқанына шағым айтты. Әрі балшықтың кесірінен мектепке жетуі де қиындаған. Базынасын айтқан бұқарамен әріптесім Әсем Лесбек тілдесіп қайтты.

Жанға батқан жолдың жыры Ұзынағаш тұрғындарын еріксіз көшеге сүйреді. Жұрттың толарсақтан саз кешіп жүргеніне он жылдан асыпты. Ойдым-ойдым жолдан адам тұрмақ, көліктің өзі әрең өтеді.

Тұрсынгүл ӘБДИЕВА, ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біздің бір проблемасыз, мына асфальт. Балаларымыз оқуға бара алмайды. Осыдан 3 жыл бұрын тас төсетіп едік өздеріміз қалтамыздан ақша шығарып. Ол енді пайдасы жоқ. Балшық жер жаман. Аяғымыз мінекей мынау.

Гүлнәр СӘРСЕБАЕВА, ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді жүру невозможно ғой, аяғымызға салафанды байлаймыз, етіктің сыртынан. Онымен қоса қазіргі өте қиналып жатқан жағдайымыз-интернет. Бәрі онлайн оқып жатыр. Интернет керек.


Ұзынағаш ауылының тұрғындары үшін қордаланып қалған мәселе көп. Жолдан бөлек, ғаламтор және арық желісі де шешілмей келеді. Арыз-шағым айтып халық біраз жерге барғандарын айтады. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ дейді ашынған олар.
 
Гүлнәр ҚАСЫМХАНОВА, ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 
Қыркүйек айында мына көршілер бәріміз жиналып, арыз жазып, сол арыз бойынша мен акиматқа бардым. Бір рет барып едім әкім жылдық есеп отчет беріп жатыр деді. Екінші рет бардым кіргізбеді. Одан кейін әкім жоқ деді. Орнынан табылмайды мамандар.


Ал биліктегілер бұқараның бүкпесіз айтқан мәселелерін шешуге, қаржы қолбайлау болғанын айтып ақталды. Дегенмен келесі айдан бастап жолдың мәселесін шешуге уәде етті.   

Дамира НАУРЫЗБАЕВА, ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Жол мәселесі бойынша осы биылға 29 млн ақша бөлініп отыр. Осы апрель айынан бастаймыз. Жеті көшеге тас төселінеді, биыл. Келесі жылы асфальт төселінеді. Интернет кіріп жатыр. Біз ауданымызда Қазтелеком бар. Басшысымен сөйлескенбіз.

Жалпы Ұзынағаш ауылында 170-ке жуық көше бар. Жоба бойынша биыл жетеуіне асфальт төселмек. Батпаққа батқан ауыл тұрғындары шенеуніктерге сенімсіздік танытып отыр.  

Ә. Лесбек