Елдегі 8 облыста газ тапшылығы туындады. Тіпті Нұр-Сұлтан мен Алматыдада тапшылық бар. Энергетика министрлігінің өкілдері мұны Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының істен шыққанымен түсіндіреді. Алып кешен Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарын түгелдей, қалған аймақтарды жарым-жартылай көгілдір отынмен қамтып келген екен.
Қазір қаладағы газ құю бекеттері қаңырап тұр. Қызметкерлері келген көліктің бәрін кері қайтарып жатыр. Газ талонмен ғана беріледі. Жүйкесі жұқарған жүргізушілер сергелдеңге түскенін айтады.
Степан КУРОПАТКИН, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:
Қаланы шыр айналып шықтым. Еш жерде газ жоқ. Бүкіл жерде газ талонмен ғана беріледі деп жазып қойған. Газдың неге жоқ екендігін ешкім түсіндіре алар емес. Енді бензинге көшуден амал жоқ. Қымбат болса да, қайтейін!
Энергетика министрлігі газ тапшылығын «Атырау мұнай өңдеу зауытының» техникалық қондырғысы істен шыққанымен байланыстырады. Зауыттың тоқтауына ақпан айының басында KEGOC-тың электр жүйесіндегі ақау себеп болыпты. Енді кешендегі жөндеу жұмыстары, сәуір айына дейін созылатынын мәлімдеді.
Дәурен ӘБІЛҚАЙЫРОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ГАЗ ЖӘНЕ МҰНАЙ-ГАЗ-ХИМИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай-газын жеткізудің наурыз айына жоспарын жасап, осы зауытқа бекітілген өңірлер басқа зауыттардың ресурстарына қайта бөлінді. Осылайша Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары және Нұр-сұлтан, Алматы қалалары "ПетроҚазақстанОйлПродактс" ЖШС-не қайта бағытталды, Қостанай және Маңғыстау облыстары "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ-на қайта бағытталды, Атырау облысы "Теңізшевройл" ЖШС-не қайта бағытталды.
Көгілдір отынның тапшылығы әсіресе Батыс Қазақстан облысында қатты білінді. Бұл аймақ өзіне қажетті ай сайынғы 3 мың 600 тонна газды түгелдей Атырау мұнай өңдеу зауытынан алып келген еді. Шенділер енді қажетті газ жергілікті «Жайықмұнай» компаниясынан алынады, қазір келісім жасалып жатыр деп сендірді. Бүгінде Оралдағы қоғамдық көліктің 90 пайызы және 50 мыңнан астам жеке көлік сұйытылған газды пайдаланады.
Е. Карин