Түркістан облысының тұрғындары мал жаятын жер қалмағандықтан төрт түлігін сата бастапты. Темірлан ауылы азаматтарының айтуынша, ұлтарақтай жерге бірнеше ауыл мал жаяды. Талайдай үй жануарларын өргізген іргедегі телімдерді соңғы жылдары кәсіпкерлер иемденіп алған. Салдарынан не сүтке, не жем-шөпке жарымайтын болдық деген халықтың базынасын әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.
Темірландықтардың үйір-үйір жылқы, табын –табын сиырын өріске айдап салатын күні келмеске кеткендей. Халық саны 25 мыңнан асатын ауыл, мал жаятын жерге жарымай қалдық деп отыр. Айтуларынша, елдімекеннің төңірегіндегі жерлер соңғы жылдары егістікке беріліп, кәсіпкерлердің меншігіне өтіп кетіпті. Атшаптырым аумақты меншіктегендер оған мал өтпесін деп қазып тастағанын айтады.
Қызылгүл ШӘУЕНОВА, ТЕМІРЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Ол кәсіпкерлер оны пайдаланып егіп жатқан жоқ. Ол жерді суғарылым жер деп берген, суғарылым жер емес - бұл. Жердің бәрін арендаға береді да шөп орса неғылса 1200-ден халыққа сатады. Үш жыл болды қазір сандалып жүргенімізге. Әкімге барамыз, ешкім тындырмайды. Жердің бәрін қазып тастаған. Малдың бәрі сол шұңқырға түсіп жатыр. Өліп жатыр.
Тұрғындардың білуінше, қазіргі бар жайылымға бес ауылдың малы жайылады екен. Емін -еркін төрт түлігін өргізуден қалдық деген темірландықтар кейбірі малын ақысы қымбат болса да малшыға бақтыруды жөн көрген. Жағдайы келмегені қорасынан шығармай отыр. Өйткені ұры-қарыны айтпағанда жайылымның жоқтығынан көлік қағып кетіп жатыр дейді. Бірақ үйде ұстағанмен пайдасынан шығыны көп болып тұрғанын жасырмайды.
Құрасбек АҚЖІГІТҰЛЫ, ТЕМІРЛАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Шөптің бағасы қымбат. Пресіңіздің өзі -1200-1300ге кетіп бара жатыр. Қырдың шөбі 1 мың теңге, оны ала алмаймыз. Әйтеуір қырдан шыққан халықтың бидай сабанын бір -екі тележке түсіріп аламыз, сонымен қыстай илалап өліп тіріліп зорға шығарамыз малды. Енді көктем шықты не істерімізді білмейміз. Жайылым жоқ.
Амалы таусылғандардың алды малын сата бастаған. Мәселені көтеріп бармаған жеріміз жоқ десті. Ашынған халық жергілікті шенділерден іргелес жатқан жерлерді қайтаруды талап етті. Алайда жер қатынастары бөлімінің басшысы, жайылымға беретін ауылда басқа жер жоқ екенін алға тартты.
Берік АЛТЫНБЕКОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Темірлан елдімекеніне ортақ жайылым жер Ынталы елдімекенімен қосылып 2 мың гектарға ортақ жайылым жер бекітіліп берілген аудан әкімінің 2019 жылғы қаулысы негізінде. Жетпегенде енді бар шыққан жерді бекітіп бергенбіз. Одан артық жайылымдық жер жоқ екі елді мекенге қатысты.
Шуласқан халықпен жүздескен аудан әкімінің орынбасары, егістік жерлер заңды түрде берілгенін көлденең тартты. Сондықтан оны қайтарып ала алмаймыз деді. Шарасыз халық ұлтарақтай жерді қанағат қылуына тура келіп тұр.
А. Төребекқызы