$498.34 €519.72 ₽4.85
×

СҚО қалың қардан өрт сөндірушілер, өртенген үйге жете алмады

AstanaTV
09.03.2021ж. 20:00
2069
СҚО қалың қардан өрт сөндірушілер, өртенген үйге жете алмады

Солтүстік Қазақстан облысындағы Надежка ауылында жер үй өртеніп кетті. Төтенше жағдай мамандары елді-мекенге жеткенімен, баспананы сақтап қала алмады. Оған ауыл ішінің қардан тазаланбағанын себеп болды. Өрт сөндіретін көлік қөарға батып қалған. Осыны көрген бұқара енді қауіпсіздік үшін алаңдай бастады. Ауылға барып қайтқан әріптесім тақырыпты жалғастырады.  

Өртеніп жатқан үйге жете алмай жатқан техниканың видеосы қазір желіде қызу талқыланып жатыр. Қалың қардан өрт сөндіру көлігі, жалынның ошағына жете алар емес. Бұл үйде жалғыз тұрған Дмитрий Симашев, сол күнді еске алғанда, өзін қояр жер таппайды. Себебі, тілсіз жау оның баспанасы мен темір тұлпарын күлге айналдырды.

Дмитрий СИМАШЕВ, ҮЙ ИЕСІ:

Үй өртеніп жатқан кезде мен ұйықтап жатқанмын. Кейін оянып, далаға шығып кеттім. 150-200 метрдей жол мүлдем тазаланбаған. Егер жол таза болса, құтқарушылар үйімді сақтап қалар еді.

Үйдің түтіндеп жатқанын көршілер байқапты. Бір сағаттан кейін өрт сөндірушілер де ауылға жеткен. Бірақ үйге жақындау мүмкін болмапты. Ауыл тракторы жолды тек жарты сағаттан кейін, тазалап болған. Бірақ бұл сәтте жалын бүкіл үйді орап алып, құтқарушылар нысанды сақтап қала алмағанын жеткізді.

Дмитрий РАСТИХИН, СҚО ТЖД АПАТ ТӘУЕКЕЛІН ТӨМЕНДЕТУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Өрт сөндіру бекеті мен Надежка ауылының екі ортасы 45 шақырым. Біз 58 минут жүріп бардық. Бірақ үйден 400 метр қашықтықта оппа қар жатты. Біз бірден ұзын құбыршекті созуға тырыстық. Бірақ үй бәрібір өртеніп кетті. От сағат 21-45те толық ауыздықталды. Алдын ала болжамға сәйкес өрт сымдардың тұйықталуынан шыққан.

Қар күреп, тілсіз жаумен күресуге септескен көршілер енді өз қауіпсіздіктеріне алаңдап отыр. Себебі, ауылда жолдар мүлдем тазаланбайтынын айтады.

Александр БАУТИН, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Әкімдік бұл мәселеден хабардар. Өрт шыққаннан кейін табан астынан техника да табылды. Алдында тазалап қоюға болмады ма? Бізде жолдар тек ауыл ортасындағы дүкенге дейін ғана тазаланады. Жедел жәрдем де бұл жерден ылғи өте алмайды.


Жергілікті билік өкілдері оқыс оқиғаның сәтсіз аяқталуына ауа райының қолайсыздығын себеп қылып отыр. Соңғы кезде борандар жиілеген соң, техника қарды жинап үлгере алар емес, дейді.

Айбек ТҰРАГЕЛДИЕВ, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ КУЙБЫШЕВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бораннан кейін ең алдымен күре жол тазаланады. Кейін ауылдың ішіндегі әлеуметтік нысандар мен дүкендердің жолдарын қардан аршимыз. Бұл жолы ауыл көшелеріндегі қарды үлгермедік. Елді мекенде техника тапшы. Жетпегендіктен, оны кейде басқа ауылдардан жалдап алуға мәжбүрміз.

Сөйтіп, Дмитрий Симашев өзінің панасыз қалғанын шенеуніктерден көрсе де, сотқа арызданбайтынын жеткізді. Үй иесі қазір құжаттарын қалпына келтіріп, өтемақы алуға бекініп отыр. Айта кету керек, жыл басынан бастап аймақта 150-ге жуық өрт тіркеліп, 22 адам бақилық болған.

А. Құрманкин