Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Түркістан облысында жол ережесін бұзған жүргізуші полицияға да бағынғысы келмеді

AstanaTV
09.03.2021ж. 20:00
3696
Түркістан облысында жол ережесін бұзған жүргізуші полицияға да бағынғысы келмеді

Түркістан облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші, полицияға да бағынбай кетті. Жеңіл автокөлікті тізгіндегендер қарсы бағытқа шығып жүйткіген бейнежазбасын әлеуметтік желіде өздері бөліскен. Жол қауіпсіздігін сақтамаған көлікті, қарсы алдынан шыққан жол сақшысы тоқтатады. Жүргізуші аялдағанмен, полицияға бағынғысы келмей, өзін «Жұмабектің бажасымын» деп таныстырды. Тіпті құжатының да жоқ екенін айтты.

Осы сәтте бет-жүзі анық көрінбеген ер азамат келіп полиция қызметкерін шетке ысырды. Ал ереже бұзған жүргізуші әрі қарай жүйтки жөнелді. Бұл жәйт наурыздың 7-нен 8-не қараған түні Отырар ауданында түсірілген. Түркістан облыстық полиция департаментінің дерегінше, ережеге бағынбаған "Лада Приора" автокөлігінің иесі Шымкент қаласының тұрғыны. Салтанат Қаракөзова жүргізушінің ішімдік ішпегенін айтты. Десе де қос бірдей баппен жауапкершілікке тартылып жатқанын жеткізді. Тәртіп бұзушының автокөлігі айыптұрағына қойылды. Жиналған материалдар Отырар аудандық сотына жолданған. Қаракөзова сонымен қоса аты аталған «Жұмабектің» кім екенін де айтып кетті.

Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жұмабек деген есімді Отырар аудандық полиция бөлімінде ондай қызметкер қызмет атқарады. Жұмабек Төлеген –полиция майоры. Ол бірақ басшы емес, аудандық полиция бөлімінің, ол бөлімше бастығы. Әкімшілік қызметкер, қарамағында екі қызметкер қызмет атқарады. Оған қатысты қазіргі таңда Түркістан облыстық полиция департаменті қызметкерлерімен тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


А. Төребекқызы