Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елде электр энергиясы үшін тариф көтерілуі мүмкін

AstanaTV
09.03.2021ж. 20:00
2173
Елде электр энергиясы үшін тариф көтерілуі мүмкін

Елде электр энергиясы үшін тариф көтерілуі мүмкін. Энергетика министрлігі бағаны арттыруды ұсынып отыр. Орташа алғанда киловатына 4 теңгеге дейін қосылуы ықтимал. Министрлік бұл арқылы қосалқы бөлшектер, көмір мен тасымал шығынын жабамыз деп отыр. Кәсіпорындарға қойылатын тариф қарапайым халыққа қалай әсер етпек? Тақырыпты тілшіміз тарқатады.

Бір ғана қыркүйек айында 45 энергия өндіруші ұйымның, 37-сі тарифтерді түзетуге өтінім берген. Тарифтің көтерілуі тек энергия өндіруші компанияларға қатысты. Алайда, сарапшылардың пікірінше бұл қарапайым тұтынушыларға да әсер етпей қоймайды. Дегенмен даурығуға әлі ерте деп отыр. Себебі, бұйрық жобасы әзірге бекітілмеген. Қорытынды 25 наурызда белгілі болмақ.

Жақып ХАЙРУШЕВ, САРАПШЫ:

Энергетика министрлігі жеке электр станцияларын талдау тұрғысынан жақсы жұмыс жүргізді. Олардың әрқайсысының әртүрлі ауыртпалығы бар. Шығыны дегендей... Сондықтан, өткен жылдың 1 шілдесіндегі бағадағы өзгерістен кейін, бұйрықтың қабылдану үлесі жоғары деп есептеймін.  

Тариф әлі көтерілмесе де, Атыраулықтар электр энергиясының бағасы қазірдің өзінде қалтаны қағып тұр,- дейді. Қарапайым тұрғын 1 киловат электр энергиясы үшін 4 теңге 73 тиын, ал заңды тұлғалар 22 теңге 64 тиын төлеп жүр. Оның үстіне алдағы жаз мезгілінде бұл аймақта энергияға деген сұраныс артады. Жарық жиі өшіп, тұрмыстық техниканың істен шығуы – жылдағы құбылыс. Сондықтан жергілікті халық тарифтің өсуіне бірауыздан қарсы.

Халила МАМЫТОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазір бәрі тоқпен жүреді ғой. Кондеционер болсын, микроволновка болсын.  Зейнеткерлердің бірінші қалтасына соғады ғой былай айтқанда. Көп ақшалы кісілер ғой істеп отырған. Депутаттар соны ойламай ма.

Энергетика министрлігіндегілер шекті тарифтер құнын биылдан бастап өсіруді ұсынып отыр. Айтуларынша, энергия өндіруші ұйымдардың шығыны артқан. Оның ішінде отын құнының өсуі, электр энергия міндетті сатып алу көлемінің ұлғаюы, тасымалдау құны тағы бар.

Айдос ДӘРІБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі күні энергетика министрлігі Қазақстан Ресупбликасының табиғи монополияларды реттеу комитетімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясы шекті тарифтерін түзету мәселелерін бойынша жұмысын жалғастыруда. Оларды қарау кезінде министрлік әрбір жағдайда жеке тәсіл қолданады.


Ал ақмолалықтар тариф тұрмақ, қызмет көрсетуші компанияларға артығымен ақша төлеп отырғандарын айтады. Мәселен, Қоянды ауылының тұрғындары пайдаланған энергиядан бөлек, 900 теңге төлеуге мәжбүрміз дейді. Ал тариф көтерілсе, жағдай мүлде мүшкілдене түсетінінен сескенеді.

Ал антимонополия мамандары, бұл заңсыз жасалып отырған қадам екенін айтты. Бірақ кәсіпорындар мұндай қадамға амалсыздан барып отырғандарын да мойндайды. Себебі, кәсіпорын шығынын өтеуге бюджеттен қаражат бөлінбейді. Қазір аталған мәселе Үкіметте қаралып жатқан көрінеді.

Сабыржан АЗАМАТ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


АРЭК сияқты крупный компанияларға балансқа бере алмай отыр. Заңда кедергі болып тұр. Қазір сол заңға, налоговый колекске өзгертулер қаралып жатыр қазіргі уақытта.

Соңғы жылдары Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде технологиялық бұзушылық артқан. Өткен жылы 4 мыңнан астам апатты жағдай орын алған. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Қазір министрлік табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлесіп зерттеу жүргізуде. Олар шекті тарифтерді жеті жылдық кезеңге бекіту мәселелерін қарастырмақ. Ал халық үшін тарифтерді түзетумен Ұлттық экономика министрлігі айналысады.

Ғ.Өтемісов