Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Интернет тарифтері қымбаттауы мүмкін

AstanaTV
09.03.2021ж. 20:00
1669
Интернет тарифтері қымбаттауы мүмкін

Қазақстан - мобильді интернет жылдамдығы бойынша, әлем елдері рейтингісінде үш орынға көтерілді. Ғаламтор жылдамдығы бір жылда алты жарым пайызға өсіп, секундына 20 мегабитке жеткен. Дегенмен Қазақстанның алдында 102 мемлекет бар. Бірінші орында Біріккен Араб Әмірліктері тұр. Онда ғаламтор жылдамдығы секундына 188 мегабитті құрайды. Яғни Қазақстаннан 9 есеге жоғары. Осыдан бір жарым ай бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі интернет пен ұялы байланыстың сапасын сынға алған еді. Үкіметке тиісті тапсырма жүктеген болатын. Содан бері не өзгерді? Әлішер Өмірзақ анықтап көрді. 

Алмас Құмарбеков Қазақстандағы танымал стримерлердің бірі. Яғни түрлі онлайн ойын ойнап, өзінің ютуб арнасына жүктейді. Стримерлік Еуропа елдерімен салыстырғанда Қазақстанда енді дамып келеді. Бірақ қарқынды дамуына кедергі келтіріп отырған елдегі интернет жылдамдығы мен ойын серверінің жоқтығы, дейді киберспортшы.

Алмас ҚҰМАРБЕКОВ, СТРИМЕР:

Мәселен «Counter-Strike: Global Offensive» ойыны 2012 жылы жарыққа шықты. Бірақ Қазақстанда енді ғана, 9 жылдан кейін сервері ашылғалы жатыр. Бірақ, өкінішке орай Ресейдің серверіне қосыламыз, үлкен пингпен. Сондықтан Қазақстанда киберспортсмен болу мүмкін емес деп ойлаймын.

Жалпы елдегі ұялы байланыс сапасы мен интернет жылдамдығын, бір жарым ай бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген еді. Кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі операторларға интернеттің ең төменгі жылдамдығы бойынша талаптарды сақтау қажеттігін айтты. Мәселен 3G үшін секундына 1 мегабит, 4G - 5 мегабит, ал үйдегі интернет үшін тарифте көрсетілген жылдамдық кем дегенде 70% болуы тиіс. Ал мұндай көрсеткішті сақтау операторға үлкен қаражатты қажет ететін көрінеді. Бұл өз кезегінде қарапайым халыққа ұсынылып отырған тариф бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.

Евгений НАСТРАДИН, «BEELINE ҚАЗАҚСТАН» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Экономикалық тұрғыда операторларға тиімсіз екені анық. Бірақ біз кішкентай ауыл тұрғындарының мобильді интернетке қол жеткізгісі келетінін түсінеміз. Сондықтан инвестиция жасауды жалғастырамыз.

«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ:

Ұялы байланыс сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз ету көптеген факторларға байланысты. Сондықтан ортақ талапты орындау үшін айтарлықтай қомақты қаражат қажет. Ал мұндай шығын байланыс операторлары ұсынатын қызмет құнынының артуына әкелуі мүмкін.


Ұялы байланыс операторларының көтерген мәселесін тиісті министрлікке жеткіздік. Бірақ жауаптылар бүгін жауап беруге дайын емес екендерін айтты. Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес, бір жарым айда ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту үшін қандай жұмыс атқарылғанымен алдағы күндері бөлісеміз деді.  

Ә. Өмірзақ