$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Автонесие бойынша қазақстандықтардың қарызы 40 млрд теңге

AstanaTV
16.04.2016ж. 20:00
1686
Автонесие бойынша қазақстандықтардың қарызы 40 млрд теңге

Ал автонесие бойынша отандастарымыздың қарызы қанша екенін білесіз бе? 40 млрд теңге. «Бірінші несиелік бюро» деген ұйым сарапшыларының «Астана» арнасына шығарып берген есебі. Және, несиеге автомобиль алу  құлшынысы да азайған: осы тоқсанда кредитке 5 жарым мың авто рәсімделсе, былтыр осындай уақытта екі есе көп сатылған. Несиеге көлік алушы орта есеппен 2 млн теңге қарыз рәсімдейді. Автонесиеден «қорықпайтындар» Алматы, Астана қалалары, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарының тұрғындары.

Әсем Нұрғалиева, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС -ң бизнесті дамыту жөніндегі директоры:

Егер 2014 жылы несие сұраған әрбір үшінші азаматтың өтініші қанағаттандырылса, 2015 жылы  әрбір бесінші, ал 2016 жылы әрбір алтыншы, жетінші клиентке ғана қарыз беріледі. 2015 жылы барлық несиелердің 11,6 пайызы проблемалық болса, осы жылы - 12,8 пайыз. Бұл 40 миллиард теңгеден астам.

Көп мәселеден хабар беретін бұл ақпаратқа параллель мынадай ақпарат бар: Автоқоймаларда өткен жылдың соңында шыққан 4 жарым мың коммерциялық техника сатылмай тұр. Қазақстан автобизнес қауымдастығының бұл статмәліметінің ішінде жеңіл автокөліктер жоқ. Сондықтан қаңтарылған көліктердің саны екі есеге дейін көп болуы мүмкін. Сатылмау Салық кодексіне байланысты. Мысалы, шыққанына 1 жыл болмаған жеңіл көліктердің иелері мемлекеттік тіркеуге қою үшін 0,25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасайды - 530 теңге. Ал күнтізбелік келесі жыл басталып кетсе, 50 АЕК. Бұл 100 мың теңгеден астам ақша. Сонда, көлік мысалы, 2015 жылдың желтоқсанында  шығарылып, 2016 жылдың басында тіркеуге қойылса, 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлеу керек. Осының кесірінен автомобиль сатып алушылар өткен жылдың соңында шыққан көліктерді алмайды. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

Отандық өндірушілерді қолдауы тиіс норма керісінше эффект берді. Бір жылдан асқан көлікке салықты арттыратын норма бар. Ал күнтізбеге салғанда 2015 жылдың желтоқсан айының соңында шыққан көлік бірнеше күннен кейін былтырғы болып есептеледі. Соның кесірінен  тіркеуге қойғанда, сатып алушы 105 мың теңге салық төлеуі керек. Ауыр көлікті тіркеу одан да қымбат - 508 мың теңгеден бастап өсе береді. Ал ол көліктер су жаңа.

«Ақ жолдық» депутаттар Индустрия министрі Әсет Исекешевтен жаңа көліктерді тіркеу жеңілдігін бір жылдан екі жылға дейін арттыру нормасын енгізіп, Салық туралы заңды тағы бір өзгертуді сұрап, хат жолдады. Ал баяндап отырған норманың осындай нюансы шығатынын норманы ұсынған жоғары атқарушы билік пен оны қабылдаған парламент депутаттарының алдын-ала болжай алмағаны біздің «Өзге пікір» айдарына беретін тема екен...