Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Оралдағы "Жайық" өзеніне қатер төніп тұр

AstanaTV
11.03.2021ж. 20:00
2244
Оралдағы "Жайық" өзеніне қатер төніп тұр

Оралдағы Жайық өзеніне қатер төніп тұр. Қала тұрғындарының айтуынша, жағалаудағы баржалардың бірінде тонналаған дизельдік отын сақталған. Күн жылынып, мұз еріген соң баржа суға батып, ішіндегі жанармайдың бәрі өзенге құйылады. Сонда өңірде орны толмас экологиялық апат орнайды, дейді мәселе алаңдаған оралдық.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Тұрғындар қазір мұзды осылай ойып жатыр. Мына қоңыр түсті қар 20 сантиметр тереңдіктен шыққан. Иіскесең, солярка әлде мазут сияқты жағымсыз май иісі шығады.

Тұрғындардың айтуынша, мына бөлшектелген баржаның астыңғы бөлігінде он шақты тонна дизельдік отын бар. Күн жылынғасын, баржа суға батып, ішіндегі жанармайы өзенге төгілуі мүмкін. Сол кезде экологиялық апат орнайды, деді.

Ринат ЛЯПИН, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Мұндай жағдай осыдан екі жыл бұрын болған. Сол кезде де жанармай өзенге құйылған. Бұл жолы да солай болса, не боламыз? Жанармаймен уланған өзен суын бүкіл қала ішеді. Бас пайдасын ойлаған әлдекім үшін біздің қандай жазығымыз бар? Бұл аздай, зиянды май суға ақса, балықтың бәрін құртады.

Баржаның қожайыны бұл уәжді теріске шығарды. Тіпті сөзіне дәлел ретінде фото мен видеоға да түсіріп алыпты.

Мақсот РАМАЗАНОВ, КӘСІПКЕР:

Жүрмей тұрған баржа ғой. Оның ішіндегінің бәрін тазаладық қой. Оның ішінде сұйық нәрсе болған жоқ. Осындай ситуация болып қалады деген соң, сақтанып дегендей, таза болсын, ешкім сөйлемесін деп қоқысын тазаладық та, қапшыққа қаптап шығардық.

Наразы топты, кәсіпкердің дәйек қылған дәлелі қанағаттандырмады. Сондықтан олар полиция мен төтенше жағдайлар департаментіне және экологтарға шағымданып, арыз түсірген.

Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ, БҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Біз қазір баржада жанармай бар-жоғын білмейміз. Сондықтан сатып алған азаматпен хабарластық. Ол бізге барлық құжаттарын алып келетін болды. Енді біз оның баржаны жағаға шығарып, содан кейін ғана бөлшектеуін талап етеміз. Қалай болғанда да шара қолданамыз.

Осыдан екі жыл бұрын да дәл осы жерде кемелерден жанармай төгілген еді. Өзен суынан майдың дағын сол кезде де тұрғындар байқап дабыл қаққан еді. Артынша экологтар тексеру жүргізді. Нәтижесінде судағы мұнай қалдығы қалыпты мөлшерде 5 есе көп екені анықталды. Кінәлі мекемелер 65 мың теңге айыппұл төлеп құтылған болатын. Ал бұл жолғы даудың немен бітері әзірге белгісіз.

Е. Карин