Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Жоғары оқу орындарындағы ұстаздар жалақысын арттыру қажет - Сенатор

Жоғары оқу орындарындағы ұстаздар жалақысын арттыру қажет - Сенатор

Жоғары оқу орны ұстаздарының жұмысы қиын, жалақысы мардымсыз. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев университет мамандарының еңбекақысын арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, жоғары білім ордасындағы қызметкерлердің айлығы, мектеп мұғалімдерінен едәуір төмен. Бұдан бөлек, ұлттық және мемлекеттік университеттердегі теңсіздік мәселесін сынға алды. Білім саласында қордаланған түйіткілдер жайлы келесі материалда.

Педагог мәртебесі, мұғалім жалақысы... Мектептегі мамандарға көп көңіл бөлінгенімен, университет ұстаздары тасада қалып қойған сыңайлы. Магистранттан бастап, докторлық атағы бар қызметкерлерге дейін мектептегі қарапайым мұғалімнен төмен жалақы алатындарын мойындайды. Мәселен, есімін айтудан бас тартқан көкшетаулық педагог айына небәрі 120 мың теңге айлық алады. Ол жоғары оқу орнындағы ұстаздардың басым бөлігі, тек ғылымнан қол үзбес үшін аз жалақыға шыдауға мәжбүр дейді.

ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Норма времени дегенді өздері бекітеді. Бір ставка 58 кредит болуы керек, ал біз қазір 80 кредит жауып отырмыз. Ал ЕНУ-да 27 кредит. Сонда біз 3 кредитті жауып отырмыз. Ал мектепке барайын десек, қазір ол жақтағы системаны ұмытып кеттік мысалға.

Қазір педагог құқығы қызғыштай қорғалады. Яғни, оның жұмысымен жағаласпау, ар-абыройына нұқсан келтірмеу және оларды кәсіби жұмыстан тыс іске араластырмау. Бұл – заңмен бекітілген. Мұның барлығы жақсы, алайда әлі де жетілдіре түсетін тұстар көп. Сенаторлар осындай пікірде. Ақылбек Күрішбаев айлықтан бөлек, университеттерге шетелдік тәжірибені қолдану қажеттілігіне тоқталды. Оның айтуынша, білім ордасындағы басқару жүйесін демократияландыру қажет.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Егер турасын айтатын болсақ, біздің ЖОО-дағы оқытушылық жұмыс бүгінгі күні конвейерлік өндіріске айналып келеді, ал оқытушының өзі әр түрлі есептер, рейтингтер мен ғылыми мақалаларды жариялау бойынша міндеттемелер мен басқа да бұйрық, нұсқауларды үнсіз орындаушыға айналуда.

Оның пайымынша, қатардағы университеттер оқытушыларының жалақысын, ұлттық жоғары оқу орындарымен теңестіру қажет. Сонда ғана салада әділет орнайды деп отыр. Ал министрлік өкілдері аталған бағытта бірнеше жылдан бері жұмыс жүріп жатқанын алға тартты. Соңғы кезде университет қызметкерлерінің жалақсы 27 пайызға артқанын жеткізді.  

Әділет ТОЙБАЕВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Әр жоғары оқу орындарында әр түрлі подходтары бар. Жүкітемені санау да әр түрлі. Бұл бойынша президенттің тапсырмасы бар. Сондықтан, жұмыс басталып кеткен. Бұл бағытта әлі де жұмыстар жалғасады.

Ал ұлттық университеттер мен қатардағы жоғары оқу орындарындағы білім гранттарын бөлудегі теңсіздік 75 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетіліпті. Министрлік өкілдері қордаланған саладағы мәселелерді шешу нақты жоспарларын әзірлеген. Оның енді қалай жүзеге асатыны алдағы уақыттың еншісінде.

Ғ.Өтемісов