$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Павлодарда полицейлер тапшы

AstanaTV
08.09.2017ж. 20:00
2590
Павлодарда полицейлер тапшы

Павлодар өңірінде полицейлер тапшы. Облыстық ішкі істер департаментінің ақпарынша, бүгінде аталған салаға үш жүзге жуық маман қажет. Негізінен жол-патрульдік қызметі мен учаскелік полицейлерге сұраныс көп. Мұндай жағдайдың туындауына зейнетақы туралы заңға енгізілген өзгерістер себеп болған. Дегенмен, қазіргі жастардың денсаулығы мен психологиялық дайындығы да мәселені күрделендіріп отыр,-дейді мамандар. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодар өңірінде тәртіп сақшылары жетіспейді. Ішкі істер департаменті таратқан ақпарға сәйкес, бүгінде бұл салаға 300-ге жуық құқық қорғаушы қажет. Кадр тапшылығы жергілікті полиция қызметінде өткір.

Мәселенің ушығуына зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер себеп болған. Тәртіп сақшылардың зейнетақысы 20 пайызға көтерілді. Осыған орай, өткен жылы аймақтың ішкі істер қызметінен 280 адам құрметті демалысқа кеткен.

Ренат Шайков, Павлодар облыстық ІІД кадрлар басқармасының басшысы:

Офицерлер аралас еңбек өтілімен зейнетке шығады. Бірақ, сержанттық құрамда мұндай мүмкіндік болмайтын. Ал, былтырдан бастап олар қарапайым офицерлермен теңестірілді. Яғни енді оларда 12 жарым жыл полицейлік еңбек өтілі және 12 жарым жыл азаматтық қызметтегі өтілі болса, құрметті демалысқа шыға береді. Осыған байланысты бізде сержанттық құрамнан зейнетке кетушілер саны артты.

Кадр тапшылығының тағы бір себебі - бұл саладағы вакансия санының артуы,-дейді департаменттегілер. Мәселен, биыл шұғыл әрекет арнайы жасағында 115 жаңа орын ашылған. Қазірде аталған қызмет спортшылардан іріктеліпті. Үстіміздегі жылы 190 үміткер болған, оның 150-і конкурстан сүрінбей өтсе, қырық адам тестілеуді тапсыра алмаған. Жағдайды реттеу мақсатында жергілікті полиция қызметі жастар бастамасын дамыту орталығымен бірлесе жұмыс атқарып жатыр. Соның бірі - бос орындар жәрмеңкесі. 

Саят Жүсіпбаев, Жастар бастамасын дамыту орталығы басшысының міндетін атқарушы:

Мемлекеттік тестілеуді қадағалау үшін, оларды дайындау үшін бізде арнайы курстар ашылды. Қазір курстар аяқталып жатыр. Екінші семестрге дайындаудамыз. Сондықтан жуырда біз екінші партияны дайындап, оларды мемлекеттік тестілеуден өткізіп, болашақта жергілікті полиция қызметі жұмысына кіріседі деген ойымыз бар.

Бүгінгі шараға өз күшін сынап келген Әділ Махатов полиция саласы нағыз ерлердің қызметі деп санайды. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығы үшін адал еңбек ету - оның басты арманы.

Әділ Махатов, жәрмеңке қатысушысы:

Полиция қызметкері болуыма барлық мүмкіндігім бар деп есептеймін. Физикалық жағынан да, білімім бойынша да. Арнайы заңгер мамандығым бар. Сондықтан құқық қорғау органына үміткер бола аламын. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Шілденің 1-нен полицейлердің еңбекақысы 25 пайызға артты. Бұрын тәжрибесіз келген маманның жалақысы 50-55 мың теңгенің айналасында болса, енді 75 мыңға жеткен. Сондай-ақ, осы жылдан біліктілік сатысы ұғымы енгізілді. Бұдан былай тәртіп сақшысына әр дәреже үшін үстеме төленеді. Осының бәрі - құқық қорғау саласына мамандарды тарту мақсатында жасалған игіліктер.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ