Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жамбылда көмір бағасы шарықтап шықты

AstanaTV
08.09.2017ж. 20:00
3326
Жамбылда көмір бағасы шарықтап шықты

Жамбылда көмір бағасы шарықтап шықты. Табиғи отынды тұтынатын тараздық тұрғындар тоннасы 15 мың теңгеден асқанын айтып, шу шығарды. Айтуларынша, алып-сатарлар былтырғыға қарағанда биыл бағаны 5-6 мың теңгеге көтеріп жіберген. Ал, ол тағы да өспек. Әрі кәсіпкерлер көмірді жергілікті халыққа сатпай, Қырғызстанға тасымалдайды деп, наразылық білдірді. Көмір бағасы неге көңіл көншітпей тұр? Қымбаттауына не себеп? Данияр Әлімқұл анықтады. 

Бұл Таразға тиіп тұрған Құмшағал ауылының халқы. Қатты отынның бағасы қалтаны қақты деген тұрғындар қыстан қысылмай шығуды ойлайды. Көмір алуға кедергі көп дейді. Айтуларынша, қатты отын Талас облысындағы айырқалпақты ағайын тасымалданатын көрінеді.

Мүсілім Қожабаев, Құмшағал ауылының тұрғыны:

Бізде бірінші Қырғызстанды жарылқайды. Одан кейін өзімізге тиеді, қалса. Біздің қазақ сондай халық, кең халықпыз ғой. Бірінші қырғыздарды асырауымыз керек.  Біздің әкімшілік қайда қарап отыр, мысалы? Ал, біздің жерілікті халыққа түк те тиіп жатқан жоқ. Барамыз, 1-2 тәулік тұрамыз. Қайтамыз иттей боп. Биылғы баға 13 мыңнан басталды, 1 айдың ішінде 15 мыңға жетті. Бұл не бәле?

Сапаркүл Тоғайбаева, Құмшағал ауылының тұрғыны:

10 тонна көмір жағамыз қыстан шығу үшін. Әрең аламыз сол көмірді. Ал, енді бұл 15 мың, енді 20 мың теңге болса, қалай аламыз? Мен 200 жүз мыңға жаға алмаймын ғой көмір! Жаурап отырамыз ба үйде, немерелеріміз бар. Халықты қанау деген нәрсе ғой мынау.

Ал, 65 жастағы ақсақал Алтынбек Байділдаев бұл үйде жұбайы екеуі ғана тұрады. 40 мыңға жуық зейнетақым жыртығымды жамауға жетпейді деп жыларман. Ал, ақшасы бес-ақ тонна көмірге ғана жетіпті. Ал, бұл аздық етеді деп ашынады. 

Алтынбек Байділдаев,  Құмшағал ауылының тұрғыны:

Кеше мен түсірген шопырдан сұрадым. Ағай, ертерек түсіріп алмасаңыз, 20 мың болады дейді. Жаңағы шопырдың айтысы. Мен 88 мыңға түсірдім, әйелімнің, өзімнің, баламның, бәрінің ақшасын жинап. Ал, енді 88 мың беретін адам бар ма, мысалы? Менен де жаман адам тұр, мысалы. Бала-шағамның аузынан жырып, соған бердім. Үйге отын керек. Көмірдің өзі ғана жанбайды ғой. Ол отынға да 20-30 мың ақша керек.

Қазір Тараздағы көмір сататын кәсіпорындарда баға 15 мыңнан. Алайда, көбісі есіктерін құлыптап қойған. Бірақ, маңында қырғыз нөмірлі көліктер жүр.

- Көмір бар ма? -Көмір жоқ. - Неге? Тоннасы қаншадан?  

Тұрғындар жергілікті билік көмір бағасына көз жұмып қарап отыр дейді.  Ал, жауаптылар  бағаның құбылғанынан бейхабар. 

Ләззат Сұлтанқұлова, ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы:

Бізге тұрғындар тарапынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Көмір бағасы қымбаттағанынан бейхабармыз. Ал, білгеннің өзінде де, өз бетімізше тексере алмаймыз. Бізге алдымен арыз түсуі керек. Екі жыл бұрын ғана 2 мекеменің үстінен қымбаттату бойынша  іс қозғағанбыз. Одан бері баға жөнінде шағым түскен емес.

Ал әкімдік мемлекеттік мекемелерді 43 пайыз көмірмен қамтып үлгерген. Бірақ отыннан тапшылық көрмейміз деп отыр. Оны 70 мың тоннаға жеткізбек. Ал облыс тұрғындары жылына орта есеппен 331 мың тонна көмір тұтынады екен.

Бейсенбек Жампозов, Жамбыл облысы энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Бізде жылдан жылға көмір қымбаттай береді. Оның енді біз бағасын реттей алмаймыз. Не үшін қымбаттағанда енді анау көмірдің разъезінен жеткізгенше, темір жолдың бағасының себебін айтады жеткізіп берушілер. Сол енді сондай шығындарын есептеп, бағасы кішкене қосылып отырады. Биылғы жоспар 331 мың тонна тұрғындарға дайындау керек. Бүгінгі күні нақты жиналғаны 144 мың тонна.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Жамбылда жалпы саны 377 елді мекен бар. Олардың  199-ына газ кірмеген. Бұл дегеніміз өркениетті заманда да көмір жағатын ауылдар саны басым болып тұр деген сөз.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ