Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда кәсіпкерлер карантин режимінің қатаңдатылғанына қарсылық білдірді

AstanaTV
18.03.2021ж. 20:00
2542
Алматыда кәсіпкерлер карантин режимінің қатаңдатылғанына қарсылық білдірді

«Кәсібіміз құрдымға кеткелі тұр!». Алматыда мейрамхана қожайындары мен қызметкерлері карантин режимінің қатаңдатылғанына қарсылық білдірді. Жеке кәсібін дөңгелеткендер, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақытын ұзартуды талап етті. Себебі кәсіпкерлер қазір қызметкерлерге жалақы төлемек түгілі, ғимаратты жалға алу ақысын төлей алмай жүрміз дейді. Әріптесім Әсем Лесбек, наразы топтың шағымын тындады.

Бас санитар карантин талаптарын күшейткен соң, мейрамхана қожайындарынан маза қашқан. Себебі олар жаңа қаулы қарызға белшеден батырады дейді. Өйткені жұмысшылардың саны қысқарып, кәсібі жабылып қалу қаупі күшейген.    

Талғат ӘБДІХАЛЫҚОВ, МЕЙРАМХАНАНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 
Өте көп қиыншылықтар көріп жатырмыз. Адамдарды жұмыстан шығару, олардың айлықтарын созып төлеу. Бізге келіп жатқан қонақтар азайып қалды. Себебі жұмыс уақыты қысқартылып тұр. Сегізге дейін жұмыс істе дегенді қарасақ постановление бойынша адамдар жұмысынан 6-да шықса олар кафеге қалай 8 ге қарай барады. Ең болмағанда 12-ге дейін жұмыс істесек.

Кәсіпкерлер ғимаратымыздың жалға алу ақысы мен несиесін төлей алмай отырмыз дейді. Қаланың қақ ортасында орналасқан мына элиталық қоғамдық орынның есігі, құлыпқа жабылыпты. Жаңа қаулы енгізілгелі бері, ешкім аяқ баспаған көрінеді.
 
Анастасия  БЕККЕР, МЕЙРАМХАНАНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:


Біздің мейрамханамызға жұрт кешкі сағат сегізден кейін ғана жиналады. Оған дейін бірде-бір қонақ жоқ. Жаңа қаулы қабылданғалы бері мейрамханамыз жабық. Себебі күндіз адам келмейді. Жұмысшыларымыздың барлығы үйлерінде жұмыссыз жатыр.


Айдын ХАЛИТОВ, МЕРЕКЕЛІК КЕШТЕРДІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Мен мерекелік кештердің ұйымдастырушысымын. Менің жанымда диджейлер, шоу бағдарламалардың жүргізушілері, музыканттар тағы да басқа қызметкерлер бар. Қазір барлығымыз жұмыссыз жүрміз. Өйткені карантиндік шектеулер бізге жұмыс істетер емес.

Базынасын жеткізген кәсіпкерлер, бұлацй жалғаса берсе, көлеңкелі бизнестің дәурені жүретінін жасырмайды. Ал қалалық санитарилық мамандар болса, мегаполистағы ахуалдың көңіл көншітпейтінін айтты.

Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, АЛМАТЫ қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 
Қазір қаладағы эпидемиологиялық жағдай нашарлап тұр. Тәулігіне 307-ге жуық жағдай тіркелді. Қызыл аймаққа ендік. Сондықтан бұл қаулы инфекцияның таралуын оқшаулау мақсатында қабылданды. Яғни қоғамдық тамақтану орындары 20-шы наурыздан бастап кешкі сағат 21:00-ге дейін ғана жұмыс істейді.
 

Мамандар вирустың өршуіне қоғамдық тамақтану орындары да ықпал етіп отырғанына сенімді.

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Сондай-ақ, Департамент өкілдері тәртіпке бағынбаған кәсіпкерлерге әкімшілік құқықбұзушылық іс қозғалады деп отыр. Бүгіннің өзінде 160-тан астам мейрамхана қожайыны айыппұл арқалаған.
 
Ә. Лесбек