Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылжар тұрғындары тасқыннан қауіптенеді

AstanaTV
18.03.2021ж. 20:00
2615
Қызылжар тұрғындары тасқыннан қауіптенеді

Қызылжардағы Былғары зауыт кентінің тұрғындары тасқыннан қауіптеніп отыр. Себебі, көше тазалап жүрген коммуналдық кәсіпорындар, сол жерден шағын полигон ашып алған. Енді жұрт күн жылынған кезде еріген қар суына батамыз ба деп үрейленеді. Бұл бастамаға кім мұрындық болды? Жұрттың жанайқайына негіз бар ма? Аймақтағы тілшіміз сауалдарға жауап іздеп көрді.  біліп көрді.

Былғары зауыт кентінің байырғы тұрғыны Любовь Боева жүк көліктерінің қарды үйдің төңірегіне төгіп жатқанын көріп, көңілі алаң болды. 74 жастағы қария коммуналдық кәсіпорынның бұл ісіне үзілді-кесілді қарсы болған соң, жолды бөгеп тастаған.

Любовь БОЕВА, БЫЛҒАРЫ ЗАУЫТ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз қариялармен бірлесіп, жолдың үстіне шықтық. Жүк көліктерін жіберген жоқпыз. Олар бізбен тартысып шаршаған соң, қарды дәл жолдың шетіне төгуге мәжбүр болды. Енді камаздар арғы жаққа өтіп кетпес үшін мен таңертеннен бері бұл маңайды күзетіп жүрмін.


Бұқара еріккеннен емес, ертеңіне алаңдағасын шыққанын айтады. Себебі, 2017 жылы Есіл өзені арнасынан асып, шағын ауданның ондаған үйі су астына кеткен болатын. Соңғы бір айдың ішінде Петропавлда қардың мөлшері нормадан екі есе артық түсті. Сондықтан тасқыннан қауіптенген жұрт, Былғары зауыт кентінің ішінен қар полигонын ашуға түбегейлі қарсы.

Дарья КОЗЛОВСКАЯ, БЫЛҒАРЫ ЗАУЫТ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шағын ауданды қорғап тұрған дамба әлі толықтай салынып біткен жоқ. Биыл қар қалыпты мөлшерден асып түсті. Мына жерге төгілген қардың барлығы ертең еріп, үйіміз бен баубақшаны су басатыны анық. Былғары зауыт кенті қауіпті аймақта тұр.

Жергілікті билік өкілдері полигонның орны дұрыс таңдалғанын айтып, жұртты сабырға шақырып отыр. Атқамінерлердің пайымдауынша, қар төменге төгіліп жатыр.

Бахыт ІЛИЯСОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Полигон батпақ жердің үстінде белгіленген. Ертең қар еріген кезде, су төменге қарай, дамбаның арғы жағына ағып кетеді. Бүгінде Былғары зауыт кентінен 15 мың текше метр қар шығарылды. Егер біз оны басқа полигонға апарсақ, бір рейске 2.5-3 сағат кетер еді. Демек, шығарылған қардың көлемі 5 есе аз болар еді.


Биліктің бұл жоспары дұрыс па, бұрыс па? Оны күн жылынған соң, алдағы күндері белгілі болмақ. Айта кету керек, бүгінде Қызылжардан 700 мыңнан текше метр қар шығарылған.

А. Құрманкин