Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанайлықтарды ұзын-сонар кезекке тұрғызған кім?

AstanaTV
29.03.2021ж. 20:00
1450
Қостанайлықтарды ұзын-сонар кезекке тұрғызған кім?

Әлеуметтік картаның әлегі. Бүгін Қостанайда дүйім жұрт дүрлігіп, Қазпоштаға ағылды. Қала тұрғындары қоғамдық көлікке арналған карта алуға асықты. Алайда көпшілік ұзын-сонар кезекке тап болып, тағаты таусылды. Сан сағат сарыла күткендердің басым бөлігі ата-ана мен оқушылар. Қалың жұрттың қарбаласын тілшіміз Заңғар Санай жеткізеді.

Кезекте тұрған көпшілік сәуірдің біріне дейін әлеуметтік карта алу керек деген сыбыс шыққанын айтады. Сондықтан жаппай Қазпошта ғимаратына шоғырланыпты.

БЛИЦ:

- Мектептен жіберіп жатыр барыңдар деп. Барып алыңдар деп. Келдік. Мынау не масқара  бір-бірін таптап.

- Мен ойлаймын ақшамен төлеген дұрыс деп. Картаға үнемі единица салу керек.


Билік өкілдерінің айтуынша қала бойынша 25 мыңнан астам оқушы әлеуметтік карта алуы тиіс.Соның 16 мыңынан өтінім түскен. Яғни картасы бар бала ғана қоғамдық көлікте жеңілдетілген тарифпен жүре алады. Оны алмаған оқушы 150 теңге төлейді.

Наурызбай МУСИН, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 
Біз қазір кесте  құрастырып, әрбір мектепке тарататын боламыз. Мектеп бола ма, әлде осы қазпоштаның 10 филиалы бола ма. Қазіргі таңда сұрақ шешіледі. Қарастырамыз екі-үш күнде.

 
Қазпошта өкілдері оқушылардың әлеуметтік картасы дер кезінде дайын болмағанын мойындады. Бірақ оның да өз себеп-салдары бар көрінеді. Сондықтан оқушыларға карта үлестіру мерзімі тағы екі айға ұзартылып отыр. Осы уақыт аралығында олар жол құнын жеңілдетілген тарифпен төлеуі мүмкін.

Әбілхан ДАУЫЛБАЕВ, "ҚАЗПОШТА" АҚ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ата-аналардың  данныйлары және де оқушының аты-жөні ИИН-і ағылшынша барлық мәліметтері, телефондары жазылады. Солардың ішінде көптеген қателер болады. Өйткені біреулер ағылшынша дұрыс  аудармаған. Болмаса ИИН-і дұрыс жазылмаған. Оның бәрін біз алынған құжаттар бойынша сәйкестендірдік. Сол өте көп уақыт алды.


Қоғамдық көлікке арналған әлеуметтік картаны оқушылардан басқа зейнеткерлер мен мүгедектер де алуы тиіс. Оларға 18 мың карта дайындалыпты. Бірақ оны алғысы келетін қарттардың қатары тым сирек.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:


Еске салайын, Қостанайдағы қоғамдық көліктерге электрондық төлем былтыр қараша айында енгізілген. Ал екі ай бұрын тариф 150 теңгеге көтерілді. Егер электрондық картамен есеп айырыссаңыз 80 теңге. Зейнеткерлер -70, оқушылар 40 теңге төлейді.

З. Санай