$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордадағы балалар үйінен қашқан тәрбиеленуші әлі табылмай жатыр

AstanaTV
29.03.2021ж. 20:00
2731
Қызылордадағы балалар үйінен қашқан тәрбиеленуші әлі табылмай жатыр

Қызылордада түн жарымында балалар үйінен қашып шыққан үш қыздың, біреуі әлі күнге табылмай жатыр. Төрт күннен бері полицейлер мен еріктілер аяқтан тік тұрды. Бірақ нәтиже бермей тұр. Полиция өрімдей қыздар бейтаныс жігітке еріп кеткен деген ақапартты да тексеріп жатыр.

Балалар үйінен 15 жастағы қыздар демалыс күндері қашып шыққан. Оның екеуі екі күн бұрын Алматыдан табылды. Әлеуметтік желіден ақпаратты көрген қала тұрғыны, оларды полицейлерге тапсырыпты. Ал балалар үйінің үшінші тәрбиеленушісін іздеу жұмыстары нәтиже берер емес. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, табылған екі қыз 17 жастағы Нұғманова Ділдәның тұрағы туралы еш ақпарат білмейтін көрінеді. Полиция қыздар бейтаныс адамға еріп кеткен деген ақпаратты тексеріп жатқандарын айтты.

Еркін ТҰҢҒЫШБАЙ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда жігіттің жеке басын анықтап, бұл іске қатыстылығы нақтыланып жатқан жағдайда тергеу реттілігімен өзінің жазасын таратын болады.

Табылған екі қыз Алматы қаласындағы балалар үйінде. Құқық қорғаушылар олардың ешкімнен зорлық-зомбылық көрмегендігін айтып отыр. Ал жасөспірімдерді өздері тұратын үйден түн жарымында кетіп қалуға не итермелегені әзірге белгісіз. Бұған қатысты облыстық білім басқарасы айтар емес. Отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылына да мән-жайды анықтау мүмкін болмады.

Құқық қорғаушылар өрімдей қыздардың Алматыға таксимен барғандарын айтып отыр. Үлкендердің қадағалауынсыз «саяхаттаған» олардың бұл әрекеттері, бізде әлі де болса облысаралық жолдарда бақылаудың әлсіздігін аңғартқандай.
 
М. Тоқтасынқызы