Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Таразда әскери бөлімнен сарбаз жоғалды

AstanaTV
29.03.2021ж. 20:00
3594
Таразда әскери бөлімнен сарбаз жоғалды

Тараздағы әскери бөлімнен сарбаз жоғалып кетті. Бөлім басшыларының айтуынша наурыздың 25-нен 26-на қараған түні, Шымкенттен келген сарбаз, әскери бөлімнің сыртқы қоршауынан секіріп кеткен. Ал, жоғалған сарбаздың туыстары "әскерден қашты" дегенге сенбейді. Өйткені ұлдары Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен аттанған. Әрі жарты жылы ғана қалғанда мұндайға бармайды деп отыр. Ата-анасы бұған әскери бөлімде бір шикілік бар деді.

Тараздағы 85395 әскери бөліміне жоғалған сарбаз, былтыр Шымкент қаласынан келіпті. Оның ата-анасы да қазір Таразға жеткен. Айтуларынша 3 тәулік бұрын, әскери бөлім басшысы Нұрасылдың түнгі кезекшілік кезінде бөлімнен қашып кеткенін хабарлапты. Оқиға түнгі 2-лер кезінде болған екен.

Марат САТЫБАЛДИЕВ, САРБАЗДЫҢ ӘКЕСІ:

Камераға түскен деді, әжетханаға шығып, сырттағы забордан секіріп түсті деді. Басқа да обьектілерден камераға түсіп қалған деп көрсетті. Бірақ онда адамның нақты бейнесі көрінбеген, ол екендігіне нақты дәлел жоқ.

Бірақ қашқын сарбаз таңғы сегіздер шамасында әскери бөлімнің маңында орналасқан асханалардың біріне келіп, тамақ сатып алып кетіпті. Бұл деректі әскери бөлімдегілер де растады. Сарбаздың ізі дәл осы жерден үзілген. Содан бері оны көрген жан табылмай тұр. Қазір бөлімдегі өзге сарбаздардан түсінік алынған. Қатарластары бұл жағдайға не себеп болғандығын білмейді. Білетіндері сеніп тапсырылған бекетті тастап кеткен сарбаздың қолында қару болмаған. Тек байланыс құралы мен планшет болған деп отыр. Оның өзін қоршау ішіне тастап кеткен көрінеді.  

Бауыржан ДҮЙСЕНБАЕВ, ТАРАЗ қ. № 85395 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Не себепті тастап кеткені жөніндегі мәлімет бізде жоқ. Ол бізге бүгінгі күні беймәлім. Тәуліктік нарядқа түскен кезде сол нарядқа қарусыз жасақталады. Бала тұйық болған, тәрбиесіне шағым – арыздар болмаған.


Дегенмен сарбаздың жақындарының көңілі күпті. Олар балаларының қашып кеткеніне сенбейді. Олар әскери бөлімде қысым жасалды ма деп қауіптенеді.   

Гүлжан АРЫСБАЕВА, САРБАЗДЫҢ АНАСЫ:

Соңғы мәрте жиырмасына звондады маған. Уайымдамаңыз деп. Ешкім ренжітіп жатқан жоқ па деп сұрадым мен. Жоқ, бәрі жақсы деді. Енді алты ай қалды, кішкене қалды деді. Шыдай тұр дедім,мама сағындым, апамды сағындым деп қайта-қайта айтып. Іште не болып жатқанын мен білмеймін, бірнәрсе бар, күдік.


Бұл бейнематериал эфирге дайындалып жатқанда, жоғалған сарбаздың жақындары табылды деп сүйіншіледі. Оларға әскери бөлімдегілер айтқан. Бірақ олар балаларын көзбен көрмей бұған сенбейміз деп отыр. Олардың пайымынша әскери бөлімдегілер жалған ақпарат беруі де ғажап емес.

Б. Жұмабайұлы