$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Өткен үш айда 200-ден астам отбасылық зорлық-зомбылық әрекеті тіркелген

AstanaTV
01.04.2021ж. 20:00
1230
Өткен үш айда 200-ден астам отбасылық зорлық-зомбылық әрекеті тіркелген

Елде зорлық-зомбылыққа қатысты жауапқа тартылғандардың 80% -ы жұмыссыз азаматтар. Мұндай ақпаратты Ішкі істер министрлігі таратты. Олардың дерегінше жыл басталғалы 70 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Оның ішінде 200-ден астамы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тиесілі. Ал карантин басталғалы әлім-жеттік көрсеткіші едәуір артқан деп отыр. Отбасындағы жанжалға кім кінәлі? Тұрмыстық жанжалдың құрбандары неге азаймай отыр? Сауалдарға әріптесімнің материалынан жауап іздеп көрелік.

Өркениет өрісіне тұсау болған зорлық-зомбылық құрбандары соңғы жылдары күрт өсіп кетті. Карантинді тек, бизнес өкілдері мен билік қызметкерлері ғана емес, отбасы мүшелері де сылтауына арқау еткендей. Қарағандылық Индира да жұбайынан жәбір көрген көп әйелдің бірі. 23 жастағы келіншек 5 жыл бойы жолдасының соққысы мен қорлығына төзіп келген. Тіпті жүктілік кезінде, қатты стресстен жарымжан нәрестені дүниеге әкелген көрінеді. Қыспаққа шыдамаған ол қатыгез жарынан ажырасу арқылы құтылғанын айтады.

Гүлім, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Ажырасып кеткен соң да мені біраз қорқытып жүрді. Тұрғанымызға 3-4 ай болмай-ақ басталды осы ұрып-соғулары. Әрең дегенде құтылдым. Мұндай қорлықты көріп жүргендер өте көп ғой.

Ал сарапшылар, көбіне мұндай әрекетке баратындар қылмысының өтеуі ауыр болмайтынынан хабардар-дейді. Тіпті, кейбірі бірнеше күн темір торда жатып, шыққан соң қайта бұрыңғы әлегіне басатын көрінеді. Дегенмен Министрлік өкілдері бұл оймен келіспейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 2 жылдан 20 жылға дейін жауапқа тарту жазасы көзделген деп отыр. Ал ауыр қылмыс жасалса тіпті өмір бойы бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Алексей МИЛЮК, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Карантин және қатаң оқшаулау жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы күшейе түсті. Мұндай жағдай қазіргі кезде көптеген елде болып жатыр. Өткен жылдың соңында осындай қылмыс саны 4,7% өсті.

Министрлік дерегінше тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 50% -дан астамы – әйелдер болса, 6,4%-ы – кәмелетке толмаған балалар. Мұндай келеңсіздік көбіне мас күйінде жасалатын көрінеді. Ал жауапқа тартылғандардың 80 пайыздан астамы еш жерде жұмыс істемейді екен.

Алексей МИЛЮК, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстарының ауқымы кең: аса ауыр емес қылмыс - зардап шегушіні өлтіруге дейін барады. Ал тұрмыстағы әйелдер көбіне отбасын сақтап қалу үшін жарына арыз жазудан бас тартып жатады.

Иә, отбасы - ошақ қасым деп өмір сүретін нәзікжандылар көп арамызда. Бірақ, ондай әлімжеттікке лайық әйелдердің де бары жасырын емес, сондықтан, барлығын тек ерлерге жауып қою қисынсыз дейді,-кейбір психологтар. Не де болса, тұрмыстан сорын емес, бағын табар отбасылар көбейеріне үміт етейік.

Ғ.Өтемісов