$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда короновирус жұқтырған жүкті әйелдердің саны көбейіп келеді

AstanaTV
05.04.2021ж. 20:00
1905
Атырауда короновирус жұқтырған жүкті әйелдердің саны көбейіп келеді

Соңғы аптада Атырауда короновирус жұқтырған жүкті әйелдер көбейіп келеді. Мамандар ай-күні жетіп тұрғандардан қауіпті кесел табылғанына алаңдаулы. Қазір үшеуі жан-сақтау бөлімінде жатыр. Денсаулықтары ауыр болғанымен бірқалыпты,- дейді дәрігерлер. Қауіпті індет жұқтырған жүкті әйелдер жайын «қызыл аймақтағы» атыраулық тілшіміз баяндайды.

Қазір инфекциялық ауруханада короновирус жұқтырған 14 келіншек емделуде. Оның 3-уі жан-сақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер статистиканың наурыз айындағы мерекелік демалыстардан кейін күрт көбейіп кеткенін айтып, алаңдап отыр.

Айгүл ҚҰДАМАНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жансақтау бөлімінде жатқандардың жағдайлары ауыр, бірақ аса күрделі емес. Оларда тыныс алу жеткіліксіздігі бар. Бірақ олар есін біледі. Тыныс алу аппаратына қосылмаған. Бұл инфекцияны жұқтырған жүкті әйелдер күзде бері 8-10 еді. Қазір олардың қатары 14 болып тұр.

Ауру белгілері бар жүкті әйелдердің барлығы облыс орталығына жіберіледі. Олар инфекциялық ауруханадағы акушерлік бөлімде босанбақ. Ал ауру симптомсыз өтіп жатқан жүкті келіншектер перзентханаға барады, деді ақ халаттылар.  

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Аймақта короновирустан емделіп жатқан ең кішкене пациент – 4 айлық нәресте. Қауіпті вирусты туыстарынан жұқтырған сәбиде ауру симптомсыз өтіп жатыр. Мамандар бұған дейін ковидтан емделген келіншектерден дені сау нәресте дүниеге келгенін айтады.


Өткен сенбіден бастап өңір тұрғындары арасындағы еріктілерге екпе салу басталды. Алайда емханаларда сабылысқан халық жоқ. Бірең-сараң келгендері, сағаттап күтіп отыруға мәжбүрміз,- дейді түрғындар.

Берік КӨБІЛДЕСОВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жексенбі күні вакцина алуға келіп едім. Бірақ ота жасатқан жағдайыма байланысты мәселе туындап, дүйсенбіге қалдырды. Телефон соғып шақырған соң  түскі үзілісімді пайдаланып тағы келдім. Жарты сағат болды әлі отырмын. Адам көп емес. Бірақ ұзақ күтуге тура келеді. Дәрігерлер вакцина салудың екі кезеңмен өтетінін біледі ғой. Сондықтан екі бөлек бөлме ұйымдастыру керек еді. Мында бәрі бір жерде кезекте тұр.

Айта кетейік, Атырау соңғы екі аптадан бері қызыл аймақта. Бұған дейін  қауіпті індет жұқтырғандардың көбі өңірдегі өнеркәсіп ошақтарынан тіркелсе,  қазір керісінше халықтың арасында өршіп тұр. Бүгін анықталған 103 адамның 79-ы қала тұрғыны. Жалпы, өңірде пандемия басталғалы аты жаман дертті жұқтырғандар 19 мыңнан асып кетті.  

Б. Надірқызы