Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қыркүйекте 10 миллион қазақстандыққа COVID-19-ға қарсы екпе салынып бітеді, А.Мамин

AstanaTV
06.04.2021ж. 20:00
1743
Қыркүйекте 10 миллион қазақстандыққа COVID-19-ға қарсы екпе салынып бітеді, А.Мамин

Қыркүйекте 10 миллион қазақстандыққа коронавирусқа қарсы екпе салынбақ. Премьер-Министр Асқар Маминның жоспары осындай. Ал, денсаулық сақтау министрі жуырда вакцинаның 2 миллион дозасы жеткізіледі, дейді. Президенттен әбден сөз естіген бас дәрігер осы айда екпе қабылдағандардың санын 1 миллионға жеткізуге уәде берген еді. Науқанның 60 күнінде мұндай нәтижеге қол жеткізе алмаған Алексей Цой небәрі 1 айда бұл межені бағындыра ала ма? Әріптесім Асылбек Данияр айтсын.

Асқар МАМИН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Биылғы сәуір, мамыр, маусым айларында өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина алу жағдайымен қамтамасыз етіледі. Қыркүйек айында 10 миллионға жуық вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Үкімет басшысының бұл нұсқаулығы елдің бас дәрігері Алексей Цойдың жоспарымен жасалып отыр. Денсаулық сақтау министрі жуырда 2 миллион екпе жеткізілмек. Оның басым бөлігі эпидемиологиялық жағдайы ушығып тұрған өңірлерге жөнелтіледі.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Қазақстандағы өндірушілермен жүргізіліп жатқан келіссөздерді ескере отырып, бірінші жартыжылдықта вакцинаның 6 миллионнан астам дозасын алу жоспарда бар. Бұл дәрі екпе қабылдайтын санаттағы адамдардың 64%-ын қамтиды. Яғни екпені тегін алғысы келетіндерге барынша мүмкіндік бар. Қазіргі таңда барлық облыстар мен қалалардағы халық көп жиналатын орындарда уақытша егу пункттері ашылып жатыр.

Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады демекші, аты жаман дерттің ауыздықталатын түрі жоқ. Індетке шалдыққандардың деңгейі көңіл көншітпейді. Мәселен, аурушаңдық деңгейі наурызда ақпан айымен салыстырғанда 30%-ға өскен. Алексей Цой, бұл көрсеткіш сәуірде одан да көп болуы мүмкін екенін болжады. Себебі, алғашқы 5 күннің ішінде 10 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталған.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Науқастардың көбеюі "британдық" және "оңтүстік африкалық" штамдардың тез тарауынан болып отыр. Қазір зертханаларда сынама тапсыратындардың 1,6 есеге өсуі байқалады. Соңғы зерттеулер коронавирустың "британдық" нұсқасы қауіпті екенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты облыс әкімдеріне жедел медициналық көмек көрсететін инфекциялық орындар мен мобильді бригадаларының дайындығын пысықтау қажет.

Денсаулық сақтау министрі, республика бойынша инфекциялық ауруханалардың толымдылығы 36% құрайтынын айтты. Жансақтау бөлімдері - 22%-ға толы. Жұқпалы емдеу мекемелеріндегі ең көп жүктеме Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан , Алматы облыстарында байқалады.

Елдегі эпид ахуалды бағалау матрицасының "қызыл" аймағына кіргендер күн санап артып жатыр. 17 өңірдің: 7-еуінде қазір жағдай ушыққан.

Айта кетейін 9-шы сәуірде екпенің тағы бір партиясы өңірлерге жеткізілмек. Кей аймақтар ерікті тұрғындарға екпе жасауды бастап кетті. Ал бас қалада ертең басталмақ. Ол үшін тұрғындар алдын ала емханаға жазылуы шарт. Адамдар бұған дайын ба?

БЛИЦ:

- Пока салдырмаймын. Себебі нақты бір шешім жоқ. Сондықтан мәжбүрлегенше күтуге уақыт бар деп ойлаймын.

- Салдырамыз енді. Біздің жаққа әлі келген жоқ қой. Келсе салдырамыз.

- Оның қандай бір кері әсері барын білмейміз ғой, практикада көрмедім ғой. Жақсы болса салдырамыз.


Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Өздеріңіз естіп-көргендей вакцинаға тұрғындардың көзқарасы әлі күнге дейін екі түрлі. Әркімнің өз айтар уәжі бар. Бұл қарқынмен Денсаулық сақтау министрі өз жоспарын орындай ала ма? Халықты екпе алуға қалай тартады? Бұл алдағы күннің еншісіне қалмақ. Белгілісі 1 ақпаннан бері коронавирусқа қарсы иммундаудың 1-курсын 195 мыңдай адам аяқтаған.

А. Данияр