Қазақ ауылындағы неміс технологиясы. Тобыл өңіріндегі "Тойсай" серіктестігі, шалғайда жатқан ауылдан сүт фермасын ашты. Құны қымбат құрылғы орнатып, ісін ілгерлете бастады. Шаруашылық тәулігіне 5 тонна өнім өткізуге қауқарлы. Ұзынкөл ауданындағы Ұзақбай Ағайдаров басқаратын сүт фермасының жетістігін тілшіміз жеткізеді.
Жаңа ферма Новопокров ауылында іске қосылды. Игі жобаны жүзеге асыруға 350 миллион теңге жұмсалған. Сауын залындағы заманауи технологиялық жабдық сүттің мөлшері мен сапасын анықтауға мүмкіндік береді. Автоматтандырылған жүйе, әр сиырдың сауылып болғаны жөнінде белгі беріп отырады. Қолайлы қондырғы жоғары өнімділік пен малдың қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.
Ұзақбай АҒАЙДАРОВ, «ТОЙСАЙ» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
Аппарат сиырды сауып болған соң өзі алынады автоматты түрде. Сондықтан сиырдың ауруы, мастит боп сиырлар ауырмайды. Бұрынғы аппараттар сауыншы уақытында байқамаған кезде, көп сиырлар ауырып қалатын. Сосын көп жұмыс азайды. Қазір мысалы сауыншы сиырды тазаламайды. Астына шөп төсемейді.
Цифрлы технология - жұмысты жеңілдетті. Ферма мамандары сиырдың өнімділігі мен сүт беру жылдамдығын, тіпті тамақтану режимін компьютер арқылы бақылап отырады.
Оразбек МЫРЗАЛИН, ФЕРМА МЕҢГЕРУШІСІ:
Бір сауғанда 32 сиыр кіргізіледі. Сол 32 сиырды 15-20 минутта сауып алады. Екі әйел осында жұмыс істеп жатыр. Соларға енді кішкене жеңілдік. Көп жеңілдік ғой. Қазір қолмен аз жұмыс істейді.
Фермада бар-жоғы алты адам ғана жұмыс істейді. Айлықтары жүз мың теңгеден асады. Оларға барлық жағдай қаралған. Сауыншылардың демалатын орны да бар екен.
Асқар ТОҚБАЕВ, ҰЗЫНКӨЛ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Шаруашылық күн сайын 5 тоннаға жуық сүт өткізеді. Литрін -170 теңгеден тапсырады. Сондай-ақ бір литріне 10 теңге субсидия алады. Ай сайын 20-25 миллион теңге табыс көреді.
Серпінді жобаның арқасында серіктестік өнім көлемін арттырып, жем-шөп пен өндіріс кезіндегі шығынды азайтып отыр. Ендігі кезекте сүтті сиырдың санын 500-ге жеткізіп, күніне жеті тонна өнім алу жоспарланған. Қазір 350 сиыр сауылады.
З.Санай