Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Аграрлы өңір Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы колледжі жабылмақ

AstanaTV
08.04.2021ж. 20:00
2342
Аграрлы өңір Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы колледжі жабылмақ

Аграрлы өңір Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы колледжі жабылмақ. Өйткені талапкерлер азайып кеткен. 600 студентке арналған білім ордасында қазір бар -жоғы 68 бала оқып жүр. Білім ордасын қаржыландыру тиімсіз болған соң, аймақ билігі оны жоюды жөн көріп отыр. Балалар оқуын қалай жалғастырады? Мұғалімдер жұмыссыз қала ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин біліп көрді.

Боголюбово ауылындағы агротехникалық колледждің екінші курс студенті Азиз Рюмин, болашақта көлік жөндеуді кәсіп етуді көздеп отыр. Ынталы жігіт бала кезінен темір тұлпарға жақын болғанын айтады. Колледж жабылады дегелі одан маза қашқан. Студент болашағына алаңдаулы.

Азиз РЮМИН, СТУДЕНТ:


Мен Боголюбово ауылында тұрамын. Маған осында оқыған ыңғайлы. Колледж көңілімнен шығады. Мұғалімдері де білікті. Бірақ бұл мекемені жауып, бізді басқа ауылға жібермекші. Мен бұған қарсымын. Өйткені ата-анамды тастағым келмейді.


Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:


Агротехникалық колледж 80 жылдан бері ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап келеді. Ірі кешеннің құрамында үш оқу корпусы, екі жатақхана, жеке клуб пен 300 гектардан астам егістік алқаптары бар. Білім ордасы 600 баланы оқытуға қауқарлы. Алайда, өкінішке қарай бүгінде студенттік қалада бала саны бұдан 10 есе аз.


Колледж директоры, талапкерлер 2010 жылдан бастап кемігенін айтады. Ал келесі жылы оқушылар саны мүлде 30-ға дейін қысқарып қалу қаупі бар. Жергілікті бюджеттен оқу орнын қаржыландыруға 240 млн теңге бөлінеді. Қаражат өзін-өзі ақтай алмай жатқандықтан, атқамінерлер оқу орнын басқа колледжбен біріктіруді көздеп отыр.

Әйгүл ШАЛОВА, СҚО ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ АГРАРЛЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Әкімдік бізді Аққайың ауданындағы Қиялы колледжімен қоспақ. Ал студенттерге бірнеше колледжді ұсынылды. Мекемеде 61 адам жұмыс істейді, оның 15-і мұғалімдер. Ұстаздар қауымы жұмыссыз қалмайды. Оларды Қиялыдағы колледжге жібереді. Ал өзге мамандарымен жұмыспен қамту орталығы айналысады.


Жалпы, Қызылжар өңірінде соңғы он жылда 6 коллежд жабылған. Ал орта арнаулы білім алып жүрген балалардың саны 1.5 есе қысқарып, не бары 10.5 мың студент қалған. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, мұндай үрдіс басқа білім мекемелерінде де байқалып отыр.

Владимир ТКАЧЕНКО, СҚО БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Біріншіден қазір мектептерде бала саны азайып барады. Сәйкесінше колледждер де тапшылықтың кебін киді. Екіншіден, қазір жоғары оқу орындарына түсу талаптары жеңілдетілген. Сондықтан балалардың біразы университеттерді таңдайды. Саланы оңалту үшін біз орта арнаулы білім мекемелерінің материалдық техникалық базасын нығайтып келеміз. Бұдан бөлек, ірі компаниялар жеке колледждер ашып жатыр.


Айта кету керек, аграрлы өлке болып саналатын теріскейде ауыл шаруашылығы мамандарының зор  тапшылығы байқалады. Құзырлы органның мәліметінше, жыл сайын оқуды тәмамдайтын 800 маманның жартысы ғана осы салада тұрақтайды екен. Ал аталған агротехникалық колледждің жабылуы жығылғанға жұдырық болмай ма?

А. Құрманкин