$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Алматыдағы жоғары вольтті сым жүргізу үшін қазылған жол жиегі жұмыстары жоспардан кешігуде

AstanaTV
07.09.2017ж. 20:00
3222
Алматыдағы жоғары вольтті сым жүргізу үшін қазылған жол жиегі жұмыстары жоспардан кешігуде

Алматы тұрғындары тағы да дау шығарды. Алматыдағы Алмалы көшесінде жоғары вольтты сым жүргізу үшін жол жиегі 7 ай бұрын қазылған еді. Енді жергілікті жұрт тезірек сол істі ретке келтіруді талап етіп отыр. Жұмыс неге аяқталмай тұр? Тараптарды Олжас Нұржақып тыңдады.

Олжас Нұржақып, тілші:

«Алатау-2» және «Таң» ықшам аудандарындағы көшеден жоғары вольтты сым тарту жұмыстары наурыз айында басталыпты. Мына куәлігінде бұл іс шілденің 25-і аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, қазылған жол жиегіне қарап, бүгін бітпейтінін аңғарғаруға болады. Тұрғындар болса, 7 айға созылған істен әбден мезі болған. Жауын жауса аяққа целлофан орауға тұра келеді. Түн болса, құлап кетем деп алаңдайсың, дейді олар.

Бізге жұмыстың қашан аяқталатынын айтар емес. Қанша дегенмен осы көшенің тұрғындарымыз ғой. Көктемде балаларымыз да, үлкендерімізде батпаққа батып, аяғымызға целлофан киіп жүрдік. Күн жылынып, жер кепкенде, шаң жұттық. Амалсыз шағымдандық. Арыз жаздық. Бірақ ешқандай жауап ала алмадық. Енді қашан аяқталады? Қалтамыздан қаржы жиып асфальт төсеткен ек, қазір ол да жоқ.

Өздеріңіз қараңыздаршы, өте қауіпті. Дәйім балаларымызды жетектеп жүруге тура келеді. Түн болса, қазылған жерді көру қиын. Бір күні ескерткіш белгі қойып, жиегін қоршаса, бір күні ол да жоқ. Бұл қашанға дейін созылады енді? Қыс түспей жатып тезірек аяқтаса, жақсы болар еді.

Мердігер - «Кристалл ММС» ЖШС.  Компания өкілі қаладағы энергия қуатын ретке келтіру жобасына өткен жылы қол қойылғандығын айтады. Қыс аяқталысымен 6,7 млрд теңге бөлінген жұмысқа бел шеше кіріскен. Содан бері 20-ға жуық көшедегі сым тарту ісінің 70 пайызын орындапты. Алмалы көшесі - сол бағыттағы жоспардың бірі.

Андрей Полегенько, мердігер компанияның инженер-электригі:

Негізінде, жұмысты уақытында аяқтау үшін, көшені тұтас жабуымыз қажет болды. Бірақ, тұрғындар жүрісіне кедергі келтірмес үшін, жол жиегін терең қазуға тура келді. Сол себепті жұмыстар ұзаққа созылып отыр. Материал жеткілікті. Оның үстіне қаладағы бірқатар көше желілерін қосымша ауыстырып жатырмыз.

Осылай деген маман аталған көшедегі жұмыстар қыркүйек айының ортасына дейін толық  аяқталатынын айтты. Мұнда жоғары вольтты 12 сым желісі жүргізіледі. Минутына 25 метр құбыр тартатын техника маңында қазір 8 жұмысшы қызу қозғалыста. Бірер күнде 110 мегаваттық электр сымы тартылса, қазылған жол жиегі жабылып, тұрғындардың өз қаржыларына төсеткен асфальті де қалпына келтірілмек.

Олжас НҰРЖАҚЫП